14 мам, 2020 сағат 15:13

Алматыда қонақүй, қоғамдық тамақтану және діни орындар кезең-кезеңмен ашылады

Алматы қаласындағы қоғамдық тамақтану, ғибадат ету және қонақ үй кешендерінің нысандарына қойылған шектеу шаралары қаладағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты кезең-кезеңмен алынатын болады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қоғамдық тамақтану және қонақ үй кешендерінің нысандарын іске қосуға қатысты дайындық жұмыстары бойынша мегаполистің бизнес қауымдастығымен бірлесіп, аталған секторлардың ұйымдарын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталған жағдайда, 25 мамырдан бастап кезең-кезеңмен іске қосу мәселесі талқыланып жатыр», - деп хабарлады әкімдік. 

Қала әкімдігі Алматыда тәуекел топтарын жаппай тестілеу және инфекцияның жасырын ошақтарын анықтау бойынша жұмыстарының жалғасып жатқан ескере отырып діни ғимараттарға (мешіт, шіркеу, ғибадатхана, синагога және т.б.) баруға шектеуді 18 мамырдан бастап алуға әлі ерте екенін атап өтті.

«Алматы қаласындағы ғибадат ету орындарының қызметін қайта жалғастыру және қалалықтардың оларға баруына шектеуді санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталған жағдайда, 2020 жылғы 25 мамырдан бастап кезең кезеңмен алып тастау жоспарланып отыр», - делінген хабарламада.

Барлық іске қосылатын нысандар жаңа ұсынымдарға: әлеуметтік қашықтық, жұмыс орындарындағы қатаң санитарлық режим және т.б. талаптарға сәйкес жұмыс істеуге міндетті. Бұл ретте, жұмыс орындарына тікелей қажетті жұмысшылар санын аталған ұйымдардың басшылары өздері белгілейді.