Nur Otan партиясының алматылық филиалы аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жеткізуді жалғастыруда, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Партияның алматылық филиалы «Metall Prom» ЖШС бас директоры, партия мүшесі Абдухалил Долкунтаймен бірлесіп Елбасының бастамасымен жалғасып келе жатқан #BizBirgemiz акциясы аясында 1 700 аз қамтылған отбасына 51 тонна азық-түлік жеткізді.
Әр отбасына 30 келі азық-түлік берілді. Онда ұн, макарон, сұйық май, күріш, қарақұмық пен қант бар.
«Елбасы жариялаған #BizBirgemiz акциясы аясында аз қамтылған отбасыларға қосымша көмек көрсету мақсатында қаражат бөліп, 1 700 отбасыға бардық. Бұл акцияға Jas Otan жастар қанатының волонтерлері қосылды. Олар азық-түлікті көрсетілген үйлерге жеткізуге көмектесті. Оларды қажетті қорғаныс құралымен қамтамасыз еттік», - деді Д.Абдухалил.
Өз кезегінде осындай қолдауға ие болған, ІІ топтағы мүгедек қызды тәрбиелеп отырған Рәбиға Әлмағамбетова Елбасының #BizBirgemiz атты игі бастамасына, «Nur Otan» партиясы мен волонтерлерге өз алғысын білдірді.
Айта кетейік, азық-түлік тарату кезінде барлық санитарлық нормалар сақталды.