24 қаң, 2023 сағат 15:26

Алматыда көлік ұрлаған ер адам өзін пышақтап тастады - видео


Алматыда көлік ұрлаған ер адам ұсталған кезде өзін пышақтап тастады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ғаламторда Telegram әлеуметтік желісінде пайда болған сұмдық видео қызу талқыланып жатыр. Онда өз-өзіне пышақ салған жанның қан-жоса болып жатқанын көруге болады. Куәгерлердің айтуынша, ол көлік ұрламақ болыпты.

Polisia.kz мәліметінше, жедел басқару орталығына ер адам қоңырау шалып, белгісіз біреу оның Daewoo маркалы автокөлігін ұрламақ болғанын айтқан.

Хабарласқан адамның сөзінше, ол кеңсе пышағымен қаруланған күдіктіні жаяу аңдып, артынан жүрген.

Бірнеше минуттан кейін патрульдік полиция қызметкерлері ер адамға көмекке келген. 

Ал жазадан жалтармақ болған күдікті өзіне жарақаттар салған. Қазір ол медициналық көмек алу үшін қаладағы ауруханалардың біріне жеткізілді.

"Істің мән-жайын анықтау барысында ер адам өзгенің көлігін Ақсай шағынауданында ұрлағаны белгілі болды. Сол жерде ол жол-көлік оқиғасын жасаған. Көлік иесі оқиға болған орынға жаяу жүгіріп жетіп, көлікті айдап әкеткен адамды ұстауға әрекеттенген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Басқа да мән-жайлар анықталады", - деді Әуезов аудандық полиция басқармасының басшысы Ұлан Әбілқайыр.