21 қаз, 2022 сағат 17:55

Алматыда қоғамдық көлікте ұрлық жасаған екі адам ұсталды - видео


Алматыда қоғамдық көлікте ұрлық жасаған екі адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz порталы.

Олардың бірі – 30 жастағы А. есімді азамат №86 қоғамдық көлікте ұрлық жасағаны үшін құрықталған. Қаскөйдің олжасы Samsung телефоны болды.

"Күдікті қоғамдық көліктің жолаушысына 300 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірді. Ұрының қарбалас уақытта автобустарға мініп, жолаушылардың қалтасын тексеріп, қоғамдық көліктің бір басынан екінші жағына дейін жүргенін арнайы топ қызметкерлері жедел түрде анықтады. Қазіргі уақытта Жетісу аудандық Полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Алматының Наурызбай ауданында осыған ұқсас сценарий бойынша әрекет еткен тағы бір оңай ақшаны ұнататын азамат ұсталды. 40 жастағы К.есімді азамат, №15 автобуста қарт әйелдің сөмкесінен ұялы телефонын ұрлап кеткен. Бұл сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Тергеудің қазіргі кезеңінде бұл күдіктінің осыған ұқсас үш қылмысқа қатысы бар екендігі анықталды", – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.

Екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды.