Республика сарайының сахнасында еліміздің жас таланттары әлемдік мюзиклдердің үздік хиттерін орындады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жаңа есімдердің он жылдығы» ұранымен өткен фестивальді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры ұйымдастырды. Ауқымды жобаны Алматы әкімдігі де қолдады.
Фестиваль қатысушылары мен қонақтарын қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың атынан шаһар басшысының орынбасары Ержан Бабақұмаров құттықтады.
«Жастар арасында өнер мен мәдениетті жан-жақты дамытуды мақсат еткен фестиваль өзінің он жылдығын атап өтуде. Аталған шара әр елден келген жастардың басын қосып келеді. Жыл сайын фестивальге қатысуға ниет білдірушілер қатары артып отыр. Бұл – көпшілікке өз талантын паш етіп, шығармашылық көкжиегін кеңейтуге және жаңа тәжірибе алуға тамаша мүмкіндік», - делінген құттықтау хатта.
Биыл өнер мен мәдениет саласындағы жастарды жан-жақты дамытуға арналған бастамаға 10 жыл толды. Жыл сайын фестиваль аясында Қазақстанның шығармашылық оқу орындарының студенттері мен жас мамандарына арнап әртүрлі елдердің танымал мәдени қайраткерлерінің шығармашылық кездесулері, шеберлік сабақтары, дәрістері, тренингтер мен семинарлар өтеді.
Бүгінге дейін «ЖасSTAR»-ға сценарист және кинорежиссер Егор Кончаловский, музыкант және продюсер Байғали Серкебаев, Париж операсы Ұлттық оркестрінің дирижері Филипп Юи, атақты суретші-стилист М. Ламин, бірінші скрипкашы, «Мәскеу Виртуозы» оркестрінің солисі Алексей Лундин келген болатын. Бұл мәдени-ағартушылық жобаның мақсаты – жастар арасында мәдениеттің дамуына және талантты жас суретшілердің шығармашылық әлеуетінің артуына ықпал ету.
Биылғы фестиваль «Broadway musical shows» форматындағы мюзикл-концерт түрінде өтті. Әр жылдағы «ЖасSTAR» қатысушылары, сонымен қатар, еліміздің ең үздік шығармашыл жастары әлемдік мюзиклдердің үздік хиттерін орындады. Фестиваль бағдарламасында «Ұлы шоумен», «Сұлу мен құбыжық», «Ромео мен Джульетта», «Chicago», «Достар серті», «Ла-ла ленд», «Mamma mia» және басқа да музыкалық композициялар орындалды.