22 сәу, 2020 сағат 17:42

Алматыда кейбір кәсіпорындардың жұмыс істеуіне неге рұқсат берілмеді

Алматыда 20 сәуірден бастап кейбір кәсіпорындардың ашылуына тыйым салынған. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында оның бірнеше себебін атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Арнайы комиссия Алматыда 41 құрылыс алаңын тексеріп шыққан.

«Оның ішінде тек 11 компания рұқсат алды. Жалпы алғанда санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің рұқсатын тек 15 өндірістік кәсіпорын мен 26 құрылыс алаңы алған», - деді ол.

Тексеру кезінде көпшілігінде жеке гигиена талаптары сақталмағаны анықталды.

«Қол жуғыштар, санитайзерлер болмаған. Жұмыскерлер маска тақпаған. Олардың бөлек-бөлек тамақтануы қамтамасыз етілмеген. Өндіріс орнын, құрылыс алаңын зарарсыздандыру бойынша келісімшарт болмаған. Сол себепті көпшілігіне рұқсат берілмеді», - деді Бекшин.

Оның айтуынша, 27 сәуірден бастап тағы біраз кәсіпорындар жұмысқа кіріседі. 

«Қазір дайындық жүріп жатыр. Толық тексеруден соң ашылады», - деді Ж.Бекшин.