ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау комитетінің «Ветеринария бойынша Ұлттық референттік орталық» РМК Алматыдағы кептерлердің жаппай қырылуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оқиға 28 Панфиловшылар паркінде болған еді. 26 наурызда 20 шақты кептер парк территориясында қырылып қалған. Тұрғындар олардың дезинфекциялық құралдардан өлгенін тұспалдады. Ұлттық референттік орталық мамандары олардың өліміне қатысты қорытынды шығарды.
«Құс тұмауы, Ньюкасл індеті, орбитоз, хламидиоз, пастериоз сияқты инфекциялық аурулар жоқ екендігі анықталды. Құстардың ағзасынан ауыр металл тұздары, хлор табылмады. Олардың асқазаны бос болып шықты», - деді орталық мамандары.
Құстардың химиялық улануы жоққа шығарылса да, мердігерлік ұйымдардағы дезинфекциялық құралдардың құрамы тағы тексерілді.
Барлық дезинфекциялық құралдары стандартқа сай екендігі, адам мен жануарлар ағзасына залалы жоқтығы анықталды.
Бұдан бұрын ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет құстардың өлімін зерттеу үшін арнайы комиссия құрылғанын айтқан еді.