21 ақп, 2025 сағат 13:19

Алматыда «Қазақстанның кітап графикасындағы ұлттық эпос» көрмесі ашылды

Фото: Азамат Құсайынов


Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өнер музейінде музей қорынан «Қазақстанның кітап графикасындағы ұлттық эпос» көрмесі ашылды, деп хабарлайды Ult.kz.


Биыл Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өнер музейі өзінің 90 жылдығын атап өтеді. Осы айтулы мерейтой аясында музей «Қазақстанның кітап графикасындағы ұлттық эпос» атты бірегей көрмені ұсынады. Бұл маңызды мәдени шара көрермендерді қазақ ұлттық эпосының әлеміне қызықтырып, көрнекті суретшілердің графикалық туындылары арқылы рухани мұраға терең бойлауға шақырады.


Сондай-ақ, Қастеев атындағы музей-үйінің жетекшісі Еркін Нұразханның айтуынша, көрме Қазақстанның ұлттық әдеби және көркемсурет мұрасының маңыздылығын атап көрсетуге, суретшілердің жаңа буынын шабыттандыруға және көпшілікті қазақ халқының мәдени құндылықтарымен таныстыруға бағытталған.


Фото: adebiportal.kz


«30 қаңтарда Президент Қ.Тоқаевтың қол қоюымен Ұлттық мәртебеге ие болған Ә.Қастеевтің мемлекеттік өнер музейінің биылғы ең алғашқы көрмесі «Қазақстанның кітап графикасындағы ұлттық эпос» деп аталады. Бүгінгі ашылып отырған көрме, бір жағы символикалық мәні-маңызы зор. Өйткені біздің рухани байлығымыз қазақ халқының өткені, батырлық дәстүріне арналған эпостық жырларға, тұрмыс-салт жырларға және ғашықтық жырларға арналған кезінде шыққан кітаптарға жасалған суреттердің қорымызда 90-ға жуық туындыларды қойып, көрмеміз ашылды.
Бір ғажабы, сонау ұлы суретшілеріміз Әбілхан Қастеев, Әубәкір Ысмайылов 20-жылдың аяғы 30-жылдың басында шығармашылық бастағанда осы батырлар жырына көңіл аударған екен. Одан кейін бізде батырлар жырына, эпостық жырларға көп еңбек сіңірген Константин Баранов, Евгений Сидоркин, Исатай Исабаев секілді ғажап суретшілер өздерінің бай шығармашылық мұраларын қалдырды. сондай-ақ, Әділ Рахманов, Әлімхан Смағұлов секілді ааса талантты суретшілер, қазіргідей арамызда жүрген Темірхан Ордабеков, Ағымсалы Дүзелхановтардың туындылары да осы көрмеде бар. Керемет, тамаша, біздің ұлттық рухымызды, ұлттық байлығымызды, ұлттық салт-дәстүрімізді көрсететін керемет осындай бейнелеу өнеріміздің графика саласында салған шығармалар біздің мәдениетімізге, рухани мұрамызға қосылған ғажап туындылар халыққа көрсетіліп отыр. Бұл ұзағынан тұрады. Келіп көремін деген көрерменге есік ашық.
Осы суретшілердің туындыларына қарап отырсаңыз, біздің халқымыздың рухты, батырлық ұлы жорықтарын дәлелдейтін батыр Алпамыс, Қобыланды, Қамбар, Ер Тарғын секілді ғажап батырлардың суреттеген, және Қыз-Жібек, Қозы-Көрпеш – Баян сұлу секілді ғашықтық жырларға арналған суреттер де осы көрмеде. Сондай-ақ, осынау өте бір талантты шығармалар біздің қаншама ұрпақты тәрбиелеп, өсуіне бір мектеп болды. Өзіміз бала кезде батырлар жырын, Константин Барановтың көркемдеуімен шыққан қалың кітапты оқып, үлкендердің тапсырмасымен дауыстап оқып өсіп едік. Кейінгі жылдарда да ол бірнеше рет қайта басылды. Ақсауыт деген кітап басылды. Онда Әлімхан Смағұловтың туындылары және жырауларға арналған Темірхан Ордабековтың туындылары Мұрын жырау, Доспамбет жырау, Бұқар жырауға арналған ғажап графикалық өнері осы көрмеде көрсетіледі», - дейді карикатурашы, Қастеев атындағы музей-үйінің жетекшісі Еркін Нұразхан.


Аталған көрмеде 90-ға жуық графикалық жұмыстар, сонымен қатар, ұлттық эпостың қазыналарын сақтайтын сирек басылымдар ұсынылады. Келушілер классикалық офорттан бастап, түпнұсқа графикаға дейінгі түрлі көркемдік техникада орындалған аңызға айналған батырлардың, арулар мен даналардың және мифологиялық кейіпкерлердің жарқын бейнелерін тамашалай алады. Әр туынды суретшілерді әдеби материалды терең түсінуге шабыттандырған ұлттық эпостық жырлардың сюжеттері мен бейнелерінің байлығын көрсетеді.



Видеодан скриншот


«Биыл Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік Өнер музейінің негізі қаланғанына 90 жыл толды. Осыған орай, музейге Ұлттық мәртебе берілді. Осындай айтулы екі мерейтой аясында музей қорынан «Қазақстанның кітап графикасындағы ұлттық эпос» атты бірегей көрмені ұсынамыз. Көрмеге музей қорында сақтаулы өте сирек көрсетілетін түрлі көркемдік техникада орындалған графикалық туындылар қойылған. Оларды қатарында Қазақстанның белгілі суретшілері Қастеев, Ысмайылов, Баранов, Сидоркин, Исабаев, Рахманов, Смағұлов, Дүзелханов, Бисенбинов, Ордабеков және тағы басқалар жасаған аңызға айналған батырлардың, арулар мен даналардың және мифологиялық кейіпкерлердің жарқын бейнелерін тамашалай аласыздар. Көрме Қазақстанның Ұлттық әдеби және көркемсурет мұрасының маңыздылығын атап көрсетуге және бүгінгі таңда қолданыстан шығып бара жатқан графика өнерінің мәртебесін көтеруге бағытталған. Ұлттық эпос халқымыздың асыл қазынасы, баға жетпес құндылығы», - дейді көрме жетекшісі Самал Мамытова.


Көрмеде ерекше орын алатын жұмыстардың қатарында Әбілхан Қастеевтің «Қобыланды батыр» (1932), Әубәкір Ысмайыловтың «Қазақ халқының эпостық жырларына иллюстрациялар» (1928), «Қобыланды батыр» (1941) және «Алпамыс батыр» (1943), Константин Барановтың «Бозжігіт» пен «Айман-Шолпан» (1941), Евгений Сидоркиннің «Алпамыс батыр» (1976-1977) және «Қыз Жібек» (1973) жырларына арналған графикалық парақтары мен иллюстрациялары бар. Олардың жұмыстары кейіпкерлердің эмоционалдық әсерлілігімен, жарқын мерекелік атмосферасымен және ұстамды монументалдылығымен ерекшеленеді. Исатай Исабаевтың «Қобыланды батыр» (1978) эпосына жасаған иллюстрациялары аңызға айналған оқиғалардың драматизмі мен батырлығын жеткізеді.

Фото: Азамат Құсайынов


Әділ Рахмановтың «Ер-Тарғын» (1984) эпосына арналған туындылары композиция динамикасымен және графикалық техниканы меңгеру шеберлігімен таң қалдырады. Әлімхан Смағұловтың «Ақсауыт» (1977) жинағына арналған иллюстрациялары шеберлігімен және бейнелердің айқындығымен әсер қалдырады. Арсен Бейсембиновтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» (1984) эпосына жасаған графикасы терең көркемдік ойға толы. Ағымсалы Дүзелхановтың «Айман-Шолпан» (1985) шығармасына арналған иллюстрациялары лиризм мен пішіндердің жұмсақ пластикасымен ерекшеленеді. Хасен Абаевтың «Қамбар батыр» (1981) эпосына арналған еңбектері көрерменді ежелгі батырлық ерліктер әлеміне жетелейді. Мұрын жырау бейнесінен (1992) шабыт алған Темірхан Ордабековтың туындылары қазақ мәдениетінде эпикалық жыршылардың маңыздылығын айшықтайды. Жоғарыда аталған және өзге де көптеген графикалық туындылар ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазақ халқының мәдени коды мен рухани құндылықтарын сақтаған эпостарға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.


Фото: Азамат Құсайынов


«Қазақстанның кітап графикасындағы ұлттық эпос» көрмесі келушілерге қазақстандық суретшілердің шеберлігін тамашалап қана қоймай, батырлық, ғашықтық және ұлттық аңыздардың даналығы ұштасқан бай мәдени мұраға қол жеткізуге бірегей мүмкіндік береді.