12 мам, 2020 сағат 14:26

Алматыда карантин кезінде балабақшалар қалай жұмыс істейді?

Алматыда штабтың ерекше өкіміне дейін сақталатын карантин кезінде балабақшалар қалай жұмыс істейтіні жайлы қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Балаларды балабақшаларға қалай апаруға болады деген сұрақ көпшілікті алаңдатып отыр. Әр балабақшада 50 пайыз ғана бала топталған жағдайда топтарды ашуға рұқсат беріледі. Сонда бүкіл балабақшада ауру таралу мүмкіндігі төмендейді. Тағы да балабақшаларға дезинфекциялық санитарлық талаптарды күшейтіп жатырмыз. Әр балабақша 15 минут-1 сағат ішінде желдетілуі тиіс. Ойыншықтарды, есік тұтқаларын 2 рет өңдеу талап етіледі. Балаларға жұмсақ ойыншықтарды беруге тыйым салынады. Балалардың жатын орындарында әр төсектің арасы 1 метр болу керек», - деді Жандарбек Бекшин.

Оның айтуынша, тәрбиешілер мен қызметкерлерге де міндетті түрде қолғап пен маска тағу талап етіледі. 

Балаларды балабақшаға жүкті әйелдер мен қарт адамдарға әкелуге рұқсат берілмейді. Өйткені, жұқтыру қаупі жоғары. 

Әр ауданда осы талаптарды қадағалау үшін арнайы топтар құрылады.

«Бұл үшін әр аудандарда балабақшаларды қабылдаушы арнайы топтар құрылады. Оларға білім бөлімінің қызметкерлері, аудандық санитарлық мекеме қызметкерлері кіреді. Олар бірлесіп барлық бақшаларды қарап шығады. Тексеру барысында заң бұзушылықтар тіркелсе олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тіпті балабақша жабылады», - деді Ж.Бекшин.

Сонымен қатар, бас санитарлық дәрігер барлық балабақшаларға бактерицидті лампа, ауа тазалайтын рецеркулятор орнатуға кеңес берілді.