Алматы полициясы алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Криминалдық полицияның мәліметінше, алаяқтық әдісі келесідей: сіз Instagram белсенді қолданушысыз. Алаяқтар, әдетте, адамдарды жазылушы санына қарай таңдайды.
«Жазылушысы көп кез келген адам «синяя галочка» мәртебесін алғысы келеді – мәртебе парақшаңыздың жалған еместігін және оны Instagram әкімшілігі растайтындығын білдіреді. Алаяқ сондай азаматты тапқаннан кейін Instagram-дағы жалған қолдау қызметі парақшасынан бақытты адам екеніңізді және сізге «синяя галочка» мәртебесі берілгені туралы тікелей смс-хабарлама жібереді. Ол үшін сіз Instagram-ның құпия сөзін енгізу үшін сілтемеге өтуіңіз керек болады. Құпия сөзді енгізу арқылы автоматты түрде өтініміңіз қабылданғаны және үш күн ішінде қаралатыны туралы мәтін парақшасына түсесіз. Бірнеше сағаттан кейін парақшаңызға кіру мүмкіндігінен мүлдем айырыласыз. Осыдан кейін ұялы телефоныңызға немесе ватсапқа парақшаңыздың бұзылғаны және белгілі мөлшерде 200-1000 АҚШ долларын төлеу керек деген хабарламалар келе бастайды», – деді Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдрахманов.
Оның айтуынша, осы тізбекті қолдану арқылы интернеттегі алаяқтық фактісі бойынша тек соңғы бірнеше күнде алты адам Алматы полициясына шағым түсірген.
«Мұнда азаматтар қабылдауы тиіс ақпараттық қауіпсіздік шаралары маңызды. Әрдайым осындай хабарламаларға күмәнданып, сын көзбен қарауыңызды сұраймыз. Тұрғындарды сақ болуға және қырағылық танытуға шақырамыз», – деді Рүстем Әбдрахманов.