17 сәу, 2020 сағат 16:59

Алматыда ең қажетті азық-түліктерге шекті баға қойылды

Алматыда қала тұрғындарын азық-түлікпен қамту мақсатында жергілікті бюджеттен 7 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа тұрақтандыру қоры толықтырылады, деді "Ұлт ақпарат" қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қала халқының негізгі азық-түлік тауарларын тұтыну көлемін есепке ала отырып, жергілікті бюджеттен 7 млрд теңге тұрақтандыру қорын толықтыру үшін қарастырылған. Оның 5 млрд теңгесі биыл наурызда бөлінді», - деді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының хабарлауынша, әкімдік Отандық ірі тауар өндірушілерімен және сауда желілерімен келісімге келді. 

Келісім бойынша 3 ай ішінде тауардың 17 түрі үздіксіз тұрақты бағада жеткізілуі тиіс.

Бұл айналма қаражат әрі қарай сатылуына қарай қажетті тауарларды сатып алу үшін қолданылатын болады. Осылайша, отандық азық-түлік тауарларын өндірушіден тікелей қаланың сауда сөрелеріне жеткізудің анық тізбегі жасалды.

«Қала әкімдігі «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы әлеуметтік маңызы бар 12 түрі бойынша үш айлық қорды қалыптастыру үшін «Magnum Cash & Carry» ЖШС жеңілдікті қайтарымды займ бөлді. Несие алған кезде, сауда желісі тауарды нақты белгіленген бағамен өткізуге қатаң міндеттеледі»,- деді қалалық әкімдіктен.