15 маусымдағы жағдай бойынша Алматыда симптомдармен 3113, симптосыз 813 жағдай тіркелді. 2020 жылғы 8-14 маусым аралығында симптомдармен 219, ауру белгісі жоқ 616 жағдай анықталды. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров онлайн брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бір аптада 150 науқас емделіп шықты, жалпы жазылғандардың саны 2056 адам. Егер ауырған адамдардың жас шамасына қарайтын болсақ негізінен жастар арасында басым. Мысалы, 20-29 жас санатының үлесіне жұқтырғандардың жалпы санының 36,8%-ы келеді, 30-39 жас санатының арасында – 18,9%, 40-49 жас санатының үлесіне – 14,5%, 50-59 жас санатының үлесіне – 11,7%, 60 жастан жоғары және одан да жоғары егде жастағы адамдар арасында жұқтырғандардың жалпы саны 8,1%. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер арасында тіркелген жағдайлар да бар, 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 5,1% және 15-19 жастағы жасөспірімдер арасында-4,9%»,– деді ол.
Сонымен қатар, Камалжан Надыров вирус жұқтырғандардың көбі науқастармен байланыста болғандар екенін жеткізді. Профилактикалық тексеріс кезінде анықталғандар - 56,7%. Сондай-ақ, тәуекел топтағыларды тексеру кезінде анықталғандар - 33,9%, өз бетінше тексерілгендер – 9,4%.