Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram-дағы парақшасында мегаполисте жұмысқа тұру жүйесінің қалай атқарылатыны туралы бейнеролик жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бейнероликте келтірілген мәлімет бойынша ағымдағы жылы қалада 56 мың жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 26 мың жұмыс орны «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша. Осы бағдарлама аясында жол жөндеу, қоғамдық кеңістіктер мен басқа да орындарды абаттандыру жобалары жүзеге асатын болады.
«Жұмыс іздеген қала тұрғындары қалалық жұмыспен қамту орталығына жүгінеді. «Екі қолға бір күрек іздеген» 27 мың азаматтың 13,5 мыңы жұмыспен қамтылды. Олардың ішінде күзет компаниясына жұмысқа тұрған Дина Ерекешова бар», - деп жазды Б.Сағынтаев.
Роликте баяндалғандай, Д. Ерекешова ұзақ уақыт жұмыс таба алмайды. Кейін Жұмыспен қамту орталығына жүгінуді жөн көріп, аталған мекемеге барады. Мұнда ол қажетті барлық кеңестерді алады және ұсынылған бос орындардың ішінен өзіне керектісін таңдайды. Қазіргі кезде алматылық әйел күзет агенттігенде жұмыс істейді.
«Біздегі «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасында үш бағыт бар: қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары және жастар тәжірибесі», - деп атап өтті Алматы әкімі.