14 мам, 2020 сағат 15:04

Алматыда бір күнде 4 мың ПТР тест жасау көзделіп отыр

Барлық алматылықты ПТР әдісі арқылы тексеру мүмкін емес. Бұл туралы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тілеухан Әбілдаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінгі таңда қалада бір тәулікте 3 мың ПТР тест жасалады. Оны 4 мыңға жеткізуді көздеп отырмыз. Бірақ екі миллион халықты ПТР әдісі арқылы тексеру мүмкін емес. Оны жүзеге асыра алмаймыз», - деді Тілеухан Әбілдаев Алматыдағы Қоғамдық кеңестің онлайн отырысында. 

Сонымен қатар, ол қалада оңтүстіккореялық жылжымалы мобильді скринингтік орталықтың ашылғандығын атап өтті. Онда алматылықтар ақысын төлеп ПТР тест тапсыра алады. Сондай-ақ мұндай қызметті «Олимп» медициналық орталығы да көрсетеді.

Өз кезегінде Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мегополисте 88 мың тест жасалғанын айтты.

«Біз бәріне 100% ПТР диагностикасын ұсына алмаймыз. Бүгінгі таңда 88 мың тест жүргіздік. Бізде тест жеткіліксіз. Халықты жүз пайыз тестілеуге мүмкіндік жоқ. Әлемнің бірде-бір экономикасы мұны көтер алмайды. Алайда адамдарды тексеру жағынан біз қазір әлемнің жетекші тобына кіреміз, өйткені әкімдік бұған мүмкіндік берді», - деді ол.