Алматыда аты аңызға айналған актер Құман Тастанбековпен қоштасу рәсімі өтті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қоштасу рәсімі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтті.
Құман Тастанбековпен қоштасу рәсіміне жүздеген адам келді. Олардың арасында: ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы әкімі Бауыржан Байбек, халық әртісі Асанәлі Әшімов және тағы басқалары болды.
Еске сала кетейік, "Қыз Жібек" фильмінде Төлеген рөлін сомдаған Құман Тастанбеков 17 желтоқсанда дүниеден өткен еді.
Құман Нұрмағанұлы Тастанбеков 1945 жылы 10 наурызда Алматы облысы Сарқант ауданы Екіаша ауылында дүниеге келген. Актер, Қазақстанның халық әртісі (1993 ж.).
1969 жылы Алматы мемлекеттік өнер институтының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) актерлік факультетін (ұстазы – профессор Х.Бөкеева) бітірген соң, Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының құрамына қабылданған. Оның алғаш ойнаған рөлі – “Қыз Жібек” фильміндегі Төлеген (1970 ж.). Бұдан кейін ол “Қыс – мазасыз маусым”, “Ағам менің”, “Ерекше күн”, “Аққулар ұшып келеді”, “Махаббат жаңғырығы”, “Ағама арналған қалыңдық”, “Қараша қаздар қайтқанда”, “Провинциялық хикая”, “Алаң шеті”, “Өрнек”, т.б. фильмдеріне түскен.
Ол театр сахнасында Қасым, Құлбек (Ш.Айтматов, “Ана – Жер-ана” мен “Ақ кемесі”), Әлібек, Нарша, Абыз (М.Әуезов, “Айман – Шолпан”, “Қарагөз” бен “Еңлік – Кебек”), Тәңірберген (Ә.Нұрпейісов, “Қан мен тер”), Жан (О.Бөкеев, “Құлыным менің”, Қазақстан Ленин комсомолы сыйл., 1976), Айдар (Әуезов пен Л.С. Соболев, “Абай”), Маздақ (М.Шаханов, “Сенім патшалығы”), Орест (Л.Дюрко, “Электра, сүйіктім менің”), Флоридор (Ф.Эрве, “Түлкі бикеш”), Фархад (Назым Хикмет, “Фархад – Шырын”) т.б. секілді әр алуан рөлді сомдаған.