05 қаз, 2022 сағат 10:08

Алматыда АҚШ-тан әкелінген есірткіні сатпақ болғандар ұсталды


ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті қаланың Авиациялық көлік прокуратурасымен бірлесіп аса ірі мөлшерде есірткі контрабандасының жолын кесті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

"Биыл 2 қазанда Алматы қаласында қызметтік-іздестіру итінің көмегімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде АҚШ-тан пошта жөнелтілімдерін алғаннан кейін жалпы салмағы 648,98 грамм "марихуана", сондай-ақ жалпы салмағы 675,65 грамм "гашиш" есірткі заттары табылып, тәркіленген тұрғындар ұсталды.

Олар Telegram мессенджері арқылы Қазақстан аумағында есірткі сатуды жоспарлады. Тінту барысында электрон таразылар мен өлшеп орауға қажетті басқа да құралдар табылды", - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібінде тергеу мүддесіне сәйкес жария етілмейді.