Биыл Алматыда 545 түлек «Алтын белгі» алуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биылғы оқу жылында Алматы қаласының мектептерін 9299 түлек тәмамдайды. Оның ішінде 545 оқушы «Алтын белгіден» үмітті. Биыл 9 және 11-сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау жүргізілмейді. Аттестат биылғы оқу жылының бағалары негізінде қойылады»,– деді Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева онлайн-брифинг барысында.
Сонымен қатар, ол 6 сәуірден бастап қазіргі уақытқа дейін 276 мыңнан астам оқушы және 66 мыңнан астам колледж студенті қашықтан оқып жатқанын жеткізді.
«Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыландыру және демеушілердің арқасында барлық оқушы мен 18 мыңнан аса оқытушы 100 пайыз компьютермен, интернет желісімен қамтамасыз етілді»,– деп атап өтті басқарма басшысы.