17 сәу, 2018 сағат 11:00

Алматыда 5-сынып оқушысы сабақ үстінде қайтыс болды

Алматыдағы №118 мектеп-гимназиясында дене шынықтыру сабағы өтіп жатқан кезде бесінші сынып оқушысы қайтыс болды. Бұл туралы қалалық білім басқармасының өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, 13 жастағы бала 16 сәуірде дене шынықтыру сабағына денсаулық жағдайына байланысты бармаған.

"Ол дәлізде болды, спорт залының кіреберісінде, бала дене шынықтырудан босатылғандардың орындығында отырған. Кенет бала әлсіреп, оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, мектептке жедел жәрдем шақыртылды", - делінген релизде.

Білім басқармасының мәліметінше, Алексей бұл мектепте 1-сыныптан бастап оқыған. Оқу барысында бірнеше рет есінен танып қалған.

"Сынып жетекшісі баланы қарату керектігін айтып, ескерткен, алайда әжесі емханаға барып, тексерістен өтіп жүргенін айтқан. Атасының айтуынша, баланың қан тамырларының өткізгіштігі нашар болған. Медициналық картадағы жазбаға сәйкес, бала 2014 жылдан бері есінен танып қала берген, жүйке жүйелері дәрігеріне қаралып жүрген. Ол мектепте соңғы рет 2017 жылдың желтоқсанында есінен танып қалған, дәрігер оған ем жазып берген", - деді Алматы қалалық білім басқармасының өкілдері.

Қазіргі уақытта Алматы қалалық Жетісу аудандық Ішкі істер басқармасының өкілдері тергеу шараларын жүргізіп жатыр.