Қазақстан риэлторлары біріккен қауымдастығының президенті Лариса Степаненко Алматыда 4 миллиард теңгеге (11,4 миллион доллар) сатылып жатқан зәулім сарай туралы хабарландыруға қатысты түсініктеме берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Степаненко аталған сарай көз қызықтырса да, Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында мұндай үйлердің талайы барын атап өтті. Нарықта бұл зәулім сарайға ұқсайтын үйлерді жиі кездестіруге болады – қызықты дизайны, орналасқан орны мен тартымдылығы оларды ерекшелеп тұрады. Сатып алушылар табиғат аясында орналасқан салтанатты үйлерді Медеу ауданынан таба алады.
"Бұл нысанға қатысты айтар болсам: қымбат жиһаздармен жабдықталғаны көрініп тұр, менің тәжірибемде зәулім сарайлар кездескен. Бірақ орналасқан орны бағасына біраз сәйкес келмейді. Қанша жерден сәнді, зәулім үй болғанмен, Наурызбай ауданы үшін едәуір қымбат баға", — деді Степаненко.
Сарапшы бұл Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығындағы рекордтық баға ма деген сұраққа жауап беруге қиналды.
"Біз хабарландырудың барлығын зерделеп, талдау жасай алмаймыз. Оның үстіне мұндай сарайлардың көбісі жабық түрде сатылады. Сондықтан Қазақстан нарығы үшін қаншалықты рекордтық баға екенін айта алмаймын", — деді ол.
Бұған дейін Крыша сайтында Алматыдағы Қалқаман-1 шағын ауданында зәулім сарай сатылатыны туралы хабарландыру шыққан еді. Үйде SPA-аймақ, кинотеатр, персоналға арналған орынжай мен асүй, бассейн, сондай-ақ жеке теннис корты бар. Сарай орталықтандырылған автоматты жылу жүйесі және вентиляциямен жабдықталған. Кірпіш үй 2017 жылы салыныпты, он бөлмесі бар.
Айта кетсек, дәл осы бағаға Американың Майами-Бич қаласынан теңіз жағасында орналасқан алты жатын бөлмесі мен жеті жуынатын бөлмесі, бассейні бар зәулім сарай сатып алуға болады.