Алматыда ауа райына байланысты 29 қаңтар, дүйсенбі күні 1-9 сынып оқушылары үшін сабақ тоқтатылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық әкімдікке сілтеме жасап.
«2018 жылдың 29 қаңтарында ауа температурасы - 25 градустан төмен болуына байланысты Алматы қаласы мектептерінің 1-9 сынып оқушылары үшін сабақ тоқтатылады», - делінген Алматы қаласы білім басқармасының мәлімдемесінде.
Еске сала кетейік, бұған дейін синоптиктер дауылды ескерту жариялап, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында аяз болатынын ескерткен еді.
"24-29 қаңтарда Алматы, Жамбыл, 26-29 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында ауа температурасы төмендеп, түнде 15-20, кей жерлерде 25-30 градусқа дейін, 20-25, кей жерлерде 30-35 градусқа дейін аяз болады. Ықтималдылық - 95 пайыз", - деп хабарлаған "Қазгидромет" мамандары.
Ал, Алматыда 24 қаңтар күні тау бөктеріндегі бірқатар мектепте бастауыш сыныптар үшін сабақтар тоқтатыла бастаған-тын. 25 қаңтар күні 1-9 сынып, 26 қаңтар 9-11 сынып оқушылары (бастауыш сыныптар бескүндік оқу жүйесінде - ред) үшін сабақ өткізілмеген.