12 мам, 2020 сағат 15:21

Алматы ТЖД Кеңсайдағы өртке қатысты тұрғындардың шағымына жауап берді

Алматыда қалалық ТЖД Кеңсай-1 мұсылман зираты тұсында қоқыс полигоны өртенуіне байланысты тұрғындардың шағымына жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әлеуметтік желіде қала тұрғындары 4 күн бойы өрттің сөндірілмегенін айтып шағымданған болатын. 

«Кеңсай-1 зиратының маңындағы қоқыс үйіндісі өртеніп жатыр. Бұл қоқысты зират жұмысшылары үйген. Төрт күн бойы түтін шығып жатыр. Сәрсенбаев көшесінде тұратын тұрғындарға тыныс алу өте қиын. Өртті сөндірмей-ақ, қоқысты шығармаса болмайды. Қаладағы өрте қарсы қызметке хабарластық. Бірақ, нәтиже жоқ», - деді тұрғындар.

Әлеуметтік желідегі сауалға қалалық ТЖД өкілдері жауап берді. Олар өрт басталған күннен бергі жұмыстарды хронологиялық тәртіппен тізіп шықты.

«ҚР заңнамасына сәйкес 101 желісіне түскен қоңырауға міндетті түрде жауап беріледі. Департаментке келіп түскен барлық хабарлама бойынша әрекет етеді. 8 мамырда сағат 22:30-да 101 нөміріне хабарласқан тұрғындар «Кеңсай-1» мұсылман зиратының қасында өрт басталғанын айтты. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жетуі қиын болды. Өрт сөндірушілер келгенде ауданы 50 шаршы метр аумақ өртеніп жатқан. Өртті сөндіруге 10 адам, 2 автоцистерна жұмылдырылды. Өрт түнгі сағат 00:22 минутта сөндірілді», - деді ТЖД баспасөз қызметінен.

Департамент өкілдерінің айтуынша, 9 мамырда сол жерде түтін шықпаған, себебі жауын жауған болатын.

«11 мамырда 20:31 минутта сол ауданның тұрғыны 101 диспетчеріне «Кеңсай-1» мұсылман зиратында өрт басталғанын хабарлады. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жаяу жетуге мәжбүр болды. Белгілі болғандай, ол жерде де қоқыс өртенген. Ауданы 50 шаршы метр өрт түнгі сағат 21:17-де сөндірілді. Бұл өртті сөндіруге 6 адам мен 1 көлік жұмылдырылды. Ал 12 мамырда сағат 11:53-те тағы мұсылман зиратында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына барғанда өрт сөндірушілер өртенген жер шоқтанып бықсып жатқанын көрген. Түтіндеген 30 шаршы метр аумақ сағат 12:26-да сөндірілді. Төтенше жағдайдан ешкім жапа шеккен жоқ», - деді ТЖД өкілдері.