11 мау, 2019 сағат 07:57

Алматы полициясы ақын Ринат Зайытовтың ұсталуына қатысты мәлімдеме таратты

Алматы қалалық полиция департаменті белгілі ақын Р.Зайытовтың кеше түстен кейін қаланың Алатау ауданында орын алған заңсыз шеруге қатысқаны үшін полицияға жеткізілгендігін мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпаарат".

«Түсіндіру әңгімелесуі жүргізілгеннен кейін азамат Р.Зайытов үйіне жіберілді. Біраз уақыт өткеннен кейін полиция департаменті ғимаратының алдына азамат Р.Зайытовпен кездесуді қалаған азаматтар жиналды. Оларға Р.Зайытовтың үйінде екендігі айтылды. Бірақ жиналғандар тарамай қойды. Жиналғандардың мұнан арғы әрекеттері жаппай тәртіпсіздікке ұласып кетуі мүмкін екендігін ескеріп, құқық қорғау органдарының талабымен азамат Р.Зайытов адамдар жиналған жерге жеткізілді және ол олардың алдында сөз сөйлеп, заңды бұзбауға, құқық қорғау органдарының заңды талабын орындауға шақырды», - делінген қалалық департамент таратқан хабарламада.

Таратылған ақпаратта аталған факті прокуратура органдарының бақылауында екендігін атап өткен. Сонымен қатар ведомство мәліметінше, азамат Р.Зайытов өз үйінен бірнеше видео түсіріп, оны өзінің идеялық жақтастарына бағыттаған.

«Құрметті, бауырлар, алматылықтар. Алаңдайтындай ештеңе болып жатқан жоқ. Сондықтан барлықтарыңздан үйлеріңізге қайтуларыңызды өтінемін. Ешкімге де реніш жоқ. Міне, қазір үйге бармақ болып жиналып жатырмын. Бауырлар, сіздер де үйлеріңізге қайтыңыздар», - деді ол өзінің видеоүндеуінде.