17 сәу, 2020 сағат 20:30

Алматы облысының Сарыөзек кенті карантинге жабылады

Коронавирус инфекциясының бірнеше дерегі тіркелуіне байланысты індеттің таралуына жол бермеу мақсатында Алматы облысындағы Кербұлақ ауданының Сарыөзек кенті карантинге жабылады. Осыған сай ауданның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Е.Ешкеновтың қаулысы қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған қаулыда карантин кезіндегі шектеулер, санитарлық-дезинфекциялық шаралар туралы егжей-тегжейлі атап көрсетілген. Қаулы талаптарына сәйкес Сарыөзек тұрғындарының үйден шығуына тыйым салынады. Бір отбасыдан тек бір адамға ғана күніне бір рет азық-түлікке, дәріханаға, бірінші кезектегі қажеттіліктер алуға шығуына рұқсат етіледі. Карантин режимін бұзған азаматтар Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады. 

Атап өтсек, Сарыөзектегі карантин 17 сәуірден 18-іне қараған түнгі сағат 00.00-ден 1 мамырға дейін созылады деп белгіленген. 

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Алматы облысында коронавируспен ауырғандар саны тағы 8 адамға артты. 

Оның ішінде Кербұлақ ауданында COVID-19 инфекциясын жұқтырған адамдардың саны — бесеу. Олардың ең үлкені 35 жаста, ең кішісі 3 жастағы бала. Сырқаттармен байланыста болған 38 адам карантинге алынды. 

Жалпы Алматы облысында коронавируспен ауырғандар саны 37-ге жетті.