30 сәу, 2020 сағат 17:44

Алматы облысында тағы бір ауыл карантинге жабылады

Алматы облысында тағы бір елдімекен карантинге жабылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңір әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

30 сәуір күнгі соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус инфекциясы тағы 83 адамнан анықталған еді. Оның ішінде Алматы облысында 3 адам тіркелді. Олар - Кеген ауданының 63, 49 және 33 жастағы тұрғындары.

«Үш науқастың 2-еуі бұған дейін ауырған сырқатпен байланыста болғандықтан Кеген аудандық орталық ауруханасының провизорлық бөлімінде карантинде болатын. Қазір барлығы Қарасай аудандық орталық аурухананың инфекциялық бөліміне жатқызылады. Олармен байланыста болғандар – 12 адам. Барлығы оқшауландырылып, эпидемиологиялық тексерулер жүргізілуде», - делінген ақпаратта. 

Осылайша, бүгінгі күні Кеген ауданында коронавирус жұқтырғандар саны 6 адамға жетті. Осыған орай, Кеген ауылын карантинге жабу туралы ауданның бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің арнайы қаулысы шықты.