18 мау, 2024 сағат 13:58

Алматы облысында экс-әкім Баталовтың қызынан 339 миллион теңгенің жері қайтарылды


Алматы облысының прокуратурасы 100-ден астам жер учаскесінің меншік иелерінің нысаналы мақсатын өзгерткені үшін мемлекетке 1,5 млрд теңге төлемегенін анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Заң бойынша, жер учаскесін пайдалануды өзгерту кезінде жер иелері кадастрлық құнын өтеуі керек.

Прокурорлар 236 миллион теңгені қайтарды, қалған сома өндіру сатысында. Алты айда жалпы көлемі 12,5 мың гектар, құны 2,5 миллиард теңге болатын 155 пайдаланылмай жатқан жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Мәселен, Қонаевта 2020 жылы су электр стансасын салу үшін бір кәсіпорынға 500 гектар жер берілген. Бірақ су электр стансасы күні бүгінге дейін салынбаған. Тағы бір мысал, Іле ауданындағы "Солид Кристал" ЖШС-ға бөлінген 339 миллион теңгенің жер телімі алты жыл бойы пайдаланылмай тұрған.

Серіктестік Алматы облысының бұрынғы әкімінің қызы Сайора Баталоваға тиесілі.