05 мам, 2020 сағат 22:44

Алматы облысында бес бала коронавирустан жазылды

Бүгін Алматы облысында коронавирус инфекциясынан 9 адам емделіп шықты. Оның ішінде бес бала - 2 мен 10 жас аралығында, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жазылып шыққан пациенттердің бірі Кербұлақ ауданының тұрғыны. Елдімекеннің 34 жастағы тұрғыны, жүкті әйел үш баласымен індеттен сауықты. Сондай ақ Еңбекшіқазақ ауданының 22 және 29 жастағы ағайынды тұрғындары да коронавирустан жазылды. 

Сонымен қатар, емделгендер қатарында 29 жастағы келіншек пен бір отбасының екі баласы да бар. Олар Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханада 16 сәуірден бастап ем алған болатын.

Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Жәмила Әбеуова жүкті әйелдің жағдайы орташа ауыр болғанын айтады. 

«34 жастағы жүкті әйел ауруханаға пневмония диагнозымен түскен еді. Жағдайы орташа ауыр болды. Дәрігерлер жүкті әйелді қатаң бақылауда ұстады. Жүкті әйелдің үш баласынан коронавирус екі күннен кейін анықталды. Балаларға белгілі алгоритм бойынша ем жүргізілді. Еңбекшіқазақ ауданынан тіркелген екі бала да бір отбасының балалары. Қазіргі уақытта барлығының денсаулығы жақсы. Алаңдауға еш негіз жоқ», - деді бас дәрігер.

Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханада емделген 9 пациентке 3 мамыр күнгі жасалған қайта талдау нәтижесі теріс екенін көрсетті.

Жалпы, Алматы облысында коронавирустан жазылған адамдардың саны 39-ға жетті.