Алматы облысында 65 жастан асқан зейнеткерлерге көшеде себепсіз жүруге болмайды. Өңірде карантиндік шаралар қайта күшейтілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы облысында карантиндік шектеулер алдағы сенбі, жексенбі күндері күшейтіледі. 65 жастан асқан егде адамдарға дүкен мен дәріханаға бармаса, көшеде емін-еркін жүруге болмайды. Сол сияқты кәмелетке толмағандар да ересектерсіз жүрмеуі тиіс. Ұлттық парктер мен туристік нысандарда алдағы екі күнге адам қабылдау тоқтатылды. Ал демалып жатқан азаматтар санитарлық ара қашықтық сақтауы қажет. Сондай-ақ қоғамдық көліктерде де талаптар қатаңдатылмақ.
«Әрбір автобуста бір қызметкер болады. Ол маскасы жоқ адамды бетпердесіз автобусқа кіргізбейді. Сонымен қатар орындықтар автобуста толып қалса, артық кісіні кіргізбеу керек. Сөйтіп біз шоғырлануды болдырмаймыз. Ол талапты әкімдер де, тасымалдаушылар да орындауға міндетті», - дейді Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қайрат Баймұханбетов.