17 сәу, 2020 сағат 11:31

Алматы облысы - 42500 теңгеден ең көп тағайындалған өңір

3,4 миллионнан астам қазақстандық төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты 42500 теңгеден әлеуметтік төлем алды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«3 млн 482 мың адамға ТЖ кезеңінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлем тағайындалды», - деді министрліктен. 

Жалпы, 17 сәуір сағат 11:00-дегі жағдай бойынша, 42 500 теңге көлеміндегі төлемге 6 млн 671 мың азамат өтініш берген. Ең көп өтініш Алматы облысынан түскен – 846,5 мың. Түркістан облысынан – 801,6 мың, Алматы қаласынан – 784,2 мың, Нұр-Сұлтан қаласы – 507,8 мың, Шымкент қаласы 431 мың өтініш жіберілген. 

Жәрдемақы ең көп тағайындалған өңірлердің алдыңғы қатарында Алматы облысы тұр. Бұл өңірде 42500 теңгеден 520 мың адам алды. Түркістан облысында – 415,6 мың, Алматы қаласында 333,2 мың тұрғын алды. 

Сондай-ақ Еңбек министрлігі өтініштерді қарау мерзімінің ұлғаюына жол бермеу мақсатында өтінішті бір рет қана жолауды сұрайды. 

МӘСҚ-та төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жіберіледі. Ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді.

Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot адресі бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.

Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы Қағидаларға сәйкес ТЖ кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты табысынан айырылған жағдайда бір адамға МӘСҚ-тан айына 42 500 теңге мөлшерінде берілетін әлеуметтік төлем келесі санаттарға:

– жеке кәсіпкерлерге және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;

– карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;

– мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;

– жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);

– ҚР Салық кодексінің 774 бабына сәйкес, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;

– нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға тағайындалады.

1-ші және 2-тармақшалар ұлттық басқару холдингтерінің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне қатысты емес.