29 сәуір күні Алматыдан қала сыртындағы саяжайларға бару үшін блокпосттардан 1021 автокөлік және 2093 адам өтті. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Блокпосттарда жұмыс істейтін қызметкерлер әрбір адамды жеке-жеке тексеріп өткізді. Туындаған мәселелерді сол жерде шешіп беруге тырыстық. Қарт адамдарға ауыр сөмкелері мен көшет салынған қораптарын тасымалдауға көмектестік. Волонтерлерді жұмылдырдық. Азаматтардың басым бөлігі Первомай, Есік, Қаскелең, Іле бағытындағы блокпосттардан өтті», – деді ПД басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков.
Бұған дейін саяжайға шыққан алматылықтар көлік кептелісіне тап болғанын жазған болатынбыз.
Еске салайық, Алматыда карантин режимі жеңілдетіліп, тұрғындарға балаларымен аулада ойнауға және қала сыртындағы саяжайларға баруға рұқсат етілді.
Осы ретте, қала әкімінің бірініші орынбасары Ерлан Қожағапанов алматылықтарды санитарлық талаптарды сақтауға шақырды.
«Ең алдымен, саяжайға баратын адамның қолында меншігін растайтын заңды құжаты болуы керек. Бұдан бөлек, өзін қосқанда үш адам ғана баруға рқөсат. Міндетті түрде медициналық маска тағып, қолында антисептик болуы шарт. Сондай-ақ, аса қажеттілік болмаса саяжай аумағынан шығуға болмайды. Қонақ шақыруға тыйым салынады»,– деді Ерлан Қожағапанов.