14 мам, 2022 сағат 10:41

Алматы хайуанаттар бағына келген екі жігіт қоршаудан аттап, жолбарысқа тиіскен


Алматыда екі жігіт тақтайшаларда жазылған ескертудерді елемей, қорғаныс қоршауларынан аттап, техникалық аумаққа кіріп, қоршаудағы жолбарысты ызаландырған. Бұл туралы хайуанаттар бағының Instagram-дағы парақшасында жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Жазбада екеуі жануарға әлде бір заттарды лақтырып, мазасын алып, зообаққа келуші басқа адамдарды балағаттаған делінген.

"Өкінішке қарай, қауіпсіздік қызметкерлері хайуанаттар бағының әр бұрышында тұра алмайды. Өйткені зообақ аумағы үлкен - 21 гектар жерде орналасқан. Біз жануарларға қатысты осындай дөрекі іс-әрекеттерге жол берілгенін қаламаймыз. Қазіргі уақытта осы мәселе жан-жақты қарастырылып жатыр. Кінәлілер міндетті түрде жазасын алады", - деді зообақ өкілдері.

"Зообақ - біздің жануарларымыздың үйі. Сондықтан хайуанаттар бағына келгенде барлық ережелерді сақтауды талап етеміз!", - делінген жазбада.