18 нау, 2019 сағат 18:46

Алматы халық музыкалық аспаптар музейіне Шәкәрімнің домбырасы тапсырылды

Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары музейіне Шәкәрім Құдайбердіұлының домбырасы тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құнды жәдігерді музейге Шәкәрімнің ұрпағы табыстады.

«Медғат Құлжанов атасы Шәкәрімнің домбырасын жылдар бойы сақтап келген. Ол Шәкәрімнің тікелей ұрпағы болып келеді. Оған домбыраны 15 жыл бұрын Семейдегі университеттің ректоры тапсырған», - деді музейдің ғылыми қызметкері Қуаныш Күлеш.

Домбыра - қос ішек пен 13 пернеден тұрады, тұтас ағаштан ойып жасалған. Домбыраны кім әрі қашан жасағаны белгісіз.

Шәкәрімнің домбыраға әуестігін көрген Абай Біткенбай руынан атақты шеберлерді алғызады. Сол шеберлердің бірі Құдайберді ауылында 1 жылдай тұрып, жас Шәкәрімге «Саймақтың сары өзені», «Алшағырдың ашты күйі», «Асан күйі», «Ала байрақ», «Кертолғау» сияқты атақты күйлерді үйретеді.

Шәкәрім ылғи өз естеліктерінде домбыраны үйреткен Біткенбай ұстаз екендігін айтып отырған. 14-15 жасынан ақынның өзі де музыка жаза бастайды.

Қуаныш Күлештің айтуынша, Шәкәрімнің қолындағы күмбірлеген қара домбыра енді халық мұрасына айналмақ.


Ақынның ұрпақтары бұл домбыраны көзінің қарашығындай сақтап келген. Медғат Құлжановтың әкесі кезінде Шәкәрімнің шығармаларын орындауға құмартқан.

Айта кетейік, бүгінде музейде 1000 аса ұлттық аспап сақталып тұр. Абай, Біржан, Жамбыл, Ықылас, Сейтек, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов, Кенен Әзірбаев, Әбікен Хасенов тағы басқа ақын-жыраулардың, композиторлардың 60 жуық домбырасы бар.