27 жел, 2019 сағат 10:39

Алматы әуежайының президенті ұшақ апаты туралы айтты

Алматы әуежайының президенті Болат Ержанов ұшақ апатына байланысты ойын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Bek Air әуе компаниясының Алматы-Нұр-Сұлтан бағытындағы №2100 рейсін орындаған Foker-100 ұшағы апатқа ұшырады. Әуе кемесінің командирі Мұратбаев, екінші ұшқыш Молдағұлов, 3 борт-серік болған. Барлығы 5 экипаж мүшесі болды. Бортта 93 жолаушы отырған. Оның ішінде 85 ересек адам, 5 үлкен бала, 3 кішкентай бала. Бортта 603 келі багаж, 613 келі жүк болған», - деді Болат Ержанов.

Оның айтуынша, рейске тіркеу 5:35-те басталған.

«Ұшақ 7:21-де әуеге көтерілді. 7:25-те қауіп дабылы қағылды. 7:40-та ұшақ радардан жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына бірінші әуежай қызметкерлері жетті», - деді әуежай басшысы.

Айта кетейік, бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.

Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты. Осы апатқа қатысты шұғыл желі іске қосылған.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді. Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.