Алматы қаласына коронавируспен күреске көмек көрсету үшін Ресейден бір топ маман келді. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Іnstagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бауырлас қалалардың ынтымақтастығы туралы келісімшарт шеңберінде Мәскеуден Алматыға COVID-19 күреске көмек көрсету үшін бір топ маман келді. Оның құрамында денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушылары, инфекционистер, эпидемиологтар, анестезиологтар, ревматологтар мен пульмонологтар бар», – деп жазды Бақытжан Сағынтаев.
Мамандардың бір тобы инфекциялық стационарлардың жұмысын, ауыр науқастардың емделу хаттамаларын және пациенттерді орналастыру жұмыстарын бағалайды. Қалған топ қоғамдық денсаулық басқармасының ұйымдастыру мәселелерін, барлық деңгейдегі КВИ-ден емделушілерге медициналық қызметтің көрсетілу деңгейіне мән бермек.
«Ал зертханалық зерттеулер жүргізу, жаңа стационарларды ұйымдастыру және оттегі газдарымен емдеу мәселелері жеке пысықталады. Сондай-ақ Моссанэпидқадағалаудың эпидемиологтары алматылық әріптестерімен пікір алмасып, кеңес береді», – деп атап өтті әкім.