30 сәу, 2020 сағат 10:37

Алматы әкімдігі Теңіз кенішінен оралған қызметкерлердің шағымына жауап берді

Алматы әкімдігі Теңізден келген қызметкерлерді үй карантиніне жібермей, жатақханаға оқшаулау себебін түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кеше 200 вахталық қызметкер Атырау облысынан арнайы рейспен оралған болатын. 

Теңіз кенішінің қызметкерлері бүгін үй карантиніне жібермеді деп БАҚ өкілдеріне шағымданды. 

Олар Атыраудан шығарда коронавирусқа тест тапсырған. Жұмыскерлердің пайымдауынша, қайта-қайта анализ тапсырудың қажетті жоқ.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, олар жатақханада медициналық қызметкерлердің бақылауында болмақ.

«Олар Құрманғазы 113 а мекенжайында орналасқан Қазақ Ұлттық медициналық университетінің жатақханасына жатқызылды. Осы университет клиникасының дәрігерлері олардың денсаулығын бақылайтын болады. Әу бастан үйлеріне жіберіледі деген ақпарат болған жоқ. Келгендер 1-2 күн карантинде оқшауланып, ПЦР тест тапсырып, нәтижесі теріс шыққан жағдайда ғана 14 күнге үй карантиніне жіберіледі», - деді әкімдіктен.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 200 адамнан бір уақытта анализ алу біршама уақытты алады. 

Қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов мұның алдында Атыраудан келген «Теңізшевройл» ЖШС қызметкерлері карантинге жатқызылатынын айтқан болатын. Мұның алдында жеткізілген бортта бір қызметкерден вирус табылған.