Алматыда коммуналдық өтемақы 119 мың адамға берілетін болды. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Биыл 18 сәуірде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Коммуналдық қызмет көрсетушілерге шығындарды өтеу ережесін бекіткен болатын.
«Бұған дейін қолданылып келген ережелерге сәйкес, өтініш білдірген және жеке шоты бар мынадай санаттағы адамдарға беріліп келді. 1-ші, 2-ші, 3-ші топтағы мүгедектер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары оларға теңестірілген адамдар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау, әскери қызмет атқару кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары, ең төменгі және одан төмен зейнетақы алатын жалғызбасты зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар алуы тиіс болатын. Аталған санатқа жататын адамдардың тізімін Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы дайындады. Сәуірде мұқтаж жандар саны 62 мың болған. Қазір бұл көмекке мұқтаж адамдар саны 119 мыңға жетті. Яғни, 2 есеге өсті», - деді Әсет Масабаев.
Энерготиімділік басқармасының байланыс орталығында 148 мың қоңырау тіркелген. Оның ішінде 17 505 өтініш мақұлданды.
Бұған дейін тек дербес шот мұқтаж адамның басына рәсімделген жағдайда ғана берілетін болған еді.
Өңірлер мен Алматы қаласы Ережеге осы мәселе бойынша өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар берді.
Бұл өзгеріс 2020 жылы 10 мамырда енгізілді.
Министрліктің өзгертілген бұйрығының 6-тармағына сәйкес өздерінің жеке шоттары немесе өздерімен бірге тұратын отбасы мүшелерінің жеке шоттары болған кезде коммуналдық қызметтер бойынша өтемақы алуға құқылы болады.
«Бұл жерде ҚР «Неке және отбасы туралы» кодекстің 3-бабының 1-тармақшасында Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасы: отбасы мүшелері: ерлі-зайыптылар, ата-аналар және олардың балалары арасындағы құқықтар мен міндеттерді, мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастарды белгілейтіні қарастырылған. Осылайша, Кодексте ата-анасы, ерлі-зайыптылар, олардың балалары отбасы мүшелері болып танылған, осы орайда Ережеде коммуналдық қызметтер төлемдерінің өтелуі үшін мұқтаж адамдармен бірге тұратын отбасы мүшелері өтініш беруге құқылы деп көрсетіледі», - деді спикер.