Танымал қазақстандық эстрада әншісі Әлішер Кәрімов ресейлік "Дауыс" шоуына қатысып, келесі кезеңге өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Отандасымыз көрмей тыңдау кезеңінде Шарль Азнавур және Жорж Гарваренцтың "Мәңгі махаббат" әнін орындады.
Қазақстандықтың өнері ресейлік әнші, ұстаз Александр Градскийдің көңілінен шығып, ол әннің басында бұрылды. Осылайша Әлішер Кәрімов оның командасының құрамына өтті.
"Маған төменгі регистр ұнады. Фантастика", - деді тәлімгерлердің бірі Леонид Агутин.
Өз кезегінде, Пелагея да өз бағасын беріп, аздаған кемшілігін байқағанын жасырмады.
Айта кетейік, Әлішер Кәрімов – ресейлік "Дауыс" шоуының келесі кезеңіне өткен үшінші қазақстандық әнші. Бұған дейін Әміре деген атпен танымал Ернар Садырбаев пен 2019 жылы "Славян базары" байқауында гран-при иегері атанып, Димаш Құдайбергеннің жетістігін қайталаған Әділхан Макин қазылар алқасы мен көрермендерді таңғалдырған еді.