The Lancet журналында «QazVac» вакцинасы туралы мақала жарияланды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов желіде жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«EClinicalMedicine published by The Lancet журналы отандық «QazVac» вакцинасын клиникалық зерттеудің 1-2 фазасының нәтижелері туралы мақаланы қабылдап, электрондық нұсқасын басып шығарды. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарын мақаланың жариялануымен құттықтаймын!», - деді министр.
Айта кетейік, өткен жылдың наурыз айында елімізде коронавирус індетіне байланысты қатаң карантиндік шаралар қабылданған болатын. Сол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары алдына вирусқа қарсы вакцинаны шұғыл әзірлеу тапсырмасын жүктегені де есте. Ал бүгінде ғалымдарымыз қысқа ғана уақыттың ішінде әзірлеген отандық «QazVac» вакцинасы адамдарға егіліп жатқаны белгілі.
QazVac вакцинасы - ҚР Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институты әзірлеген COVID-19-ға қарсы белсенділігі жойылған вакцина.
Инактивтендірілген вакцина дәстүрлі және тиімді болып саналады, оны дайындау технологиясы күрделі емес әрі вакциналардың басқа түрлеріне қарағанда қауіпсіз. Сондықтан қазақстандық ғалымдар инактивтендірілген вакцина жасау туралы шешім қабылдаған.
Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Зәкария QazVac вакцинасына жасалған сынақтың III фазасы екпенің тиімділігін көрсеткенін айтады.