Фото: ҚазАқпарат
Қазақстандағы тау курорттары қарқынды дамып, бірте-бірте тек отандық қана емес, сонымен қатар шетелдік туристерді де тартатын орындарға айналып келеді. Экологиялық таза, белсенді және ішкі туризмге деген жаһандық қызығушылық аясында Қазақстан сапа мен қызмет көрсетудің халықаралық стандарттарын негізге ала отырып, өз туристік инфрақұрылымын жаңғырту жолында жүйелі қадам жасап отыр.Бүгінде еліміздегі тау курорттарын дамытудың негізгі үрдістері қандай? Бұл сала қандай қиындықтарға тап болып отыр және Куршевель, Сочи немесе Давос секілді әлемге танымал тау шаңғысы орындарының деңгейіне жету қаншалықты мүмкін?
Инфрақұрылымға мән беру: жаңғырту жолындағы бетбұрыс
Заманауи инфрақұрылым құру Қазақстандағы тау курорттарын дамытудың негізгі міндеттерінің бірі болып қала бермек. Соңғы жылдары бірнеше жоба іске қосылып, жаңғыртылды. Олардың қатарында Шымбұлақ, Табаған, сондай-ақ Алтай таулары мен Шығыс Қазақстан өңірі бар.
Мәселен, Алматыға жақын орналасқан Шымбұлақ тау шаңғысы курорты бұл саланың көшбасшысына айналды: жаңа аспалы жолдар, жақсартылған шаңғы трассалары, электрондық өткізу жүйелері, заманауи жарықтандыру және дамыған қонақүй желісі бұл курорттың әлемдік деңгейге қарай нық қадам жасап келе жатқанын көрсетеді.
Алайда сарапшылардың пікірінше, еліміздің өзге аймақтарындағы курорттық инфрақұрылым үшін дамудың ауылы әлі алыс сияқты: сапалы тұрғын үй нысандарының жетіспеушілігі, көлік қатынасының әлсіздігі, қызмет көрсету аясының тарлығы мен білікті кадрлардың тапшылығы бұл бағыттың дамуын тежеп, бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп отыр.
Инвестициялар және мемлекеттік қолдау
Қазақстан үкіметі туризмді экономиканың негізгі салаларының қатарына қосты. Курорттық аймақтарды дамытуға, автожолдарды жөндеуге, инженерлік желілерді салуға инвестициялар және жеке инвесторларды ынталандыру қарастырылған.
Бүгінгі таңда бірқатар жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында жүзеге асырылып жатыр, бұл қосымша ресурстар тартуға мүмкіндік береді. Мысалы, Алматы облысында тау және экотуризм элементтері дамыған әрі жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін жаңа туристік кластерлер құру бойынша инвестициялық ұсыныстар белсенді түрде қарастырылып отыр.
Сонымен қатар стратегиялық жоспарлау мен жүйелі көзқарастың жетіспеушілігі байқалады.
Экология және тұрақты даму: уақыт талабы
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қазіргі заманғы тау курорттары тек шаңғы мен қонақүйлерден тұрмайды. Олар – биологиялық әртүрлілікті сақтау, орнықты даму мен табиғатпен үйлесімдікті басты орынға қоятын тұтас экожүйелер.
Осы тұрғыда Қазақстан әлі де өз таулы аймақтарын дамытудың «жасыл» стандартын қалыптастыруы қажет. Көптеген, соның ішінде Шығыс Қазақстан мен Алтай өңіріндегі таулы аймақтар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатады. Бұл жерлерге инфрақұрылым жүргізу экономикалық мүдде мен экологиялық жауапкершіліктің ортасындағы нәзік тепе-теңдікті талап етеді.
Орнықты тәжірибелерді ұтымды ұштастырудың мысалдары да пайда бола бастады – атап айтқанда, экоқонақүйлерді дамыту, экологиялық соқпақтарды белгілеу және жергілікті қауымдастықтармен жұмыс істеу сияқты бастамалар бар. Алайда бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымы мен жүйелілігі әзірге Еуропа елдерімен салыстырғанда айтарлықтай төмен.
Кадрлар, сервис және цифрландыру
Әлемдік стандарттарға жету жолында тек жайлылық қана емес, қызмет көрсету мәдениеті де аса маңызды. Туристердің айтуынша, Қазақстанда, әсіресе өңірлерде, қонақжайлылық саласында білікті кадрлардың тапшылығы әлі де сезіледі.
Туризм колледждерін дамыту, халықаралық сарапшылармен әріптестік орнату сияқты білім беру бағдарламалары қолға алынып жатқанымен бірақ олар саланың нақты қажеттіліктерін әлі де толық өтей алмай отыр.
Цифрландыру бағыты да көңіл бөлуге мұқтаж болып отыр: онлайн-брондау, GPS-навигация, туристік қосымшалар, виртуалды гидтер – бүгінде бұл дүниежүзілік туризмде қалыпты жағдайға айналған. Ал Қазақстанда цифрлық инфрақұрылым әлі де біркелкі дамымаған, әсіресе ірі қалалардан тысқары аумақтарда.
Амбициялар мен нақтылық
Қазақстандағы тау курорттары өзгерістің бел ортасында тұр. Ел инфрақұрылымды дамытып, инвестиция тартып, туризмнің тұрақты моделін қалыптастыру арқылы әлемдік стандарттарға қарай батыл қадам жасап келеді. Алайда халықаралық деңгейге шығу үшін тек қана шаңғы трассалары жеткіліксіз. Оған туризм философиясы қажет, яғни экологиялық, клиентке бағытталған және ұзақ мерзімді көзқарас.
Бүгінде Қазақстан үлкен таңдау жолайрығында тұр – әрмен қарай даму үшін не санаулы ғана орындармен шектеліп, жаһандық трендтен қалып қою тәуекелімен бетпе-бет келу керек, не мемлекет, бизнес және қоғам күшін біріктіріп, шын мәнінде заманауи әрі бәсекеге қабілетті тау курорттарын қалыптастыру қажет.
Әлеует бар. Енді оны іске асыру ғана қалып тұр.