08 мау, 2021 сағат 16:13

Әлемдік әуе кеңістігіне NQZ коды енгізілгеніне 1 жыл болды


Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы әлемдік әуе кеңістігіне NQZ кодымен тіркелгеніне бір жыл болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

2020 жылдың 8 маусымында Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы халықаралық әуе көлігі қауымдастығынан (ИАТА) NQZ деген жаңа код алған болатын. Содан бері әуе билеттерін броньдаудың барлық жүйелерінде әуежайдың NQZ жаңа коды қолданылып келеді. Сондай-ақ, жолаушылар басқа әуежайлардан ұшып шыққан кезде де осы кодты билеттерден, отырғызу талондары мен жүк биркаларынан көріп жүр.

Әуежайдың жаңа кодпен жұмыс бастаған сәті пандемия кезеңімен тұспа-тұс келген болатын. COVID-19 пандемиясының салдарынан халықаралық жолаушылар тасымалы қатты құлдырап, нарық жүк және транзиттік рейстерге басымдық беруге мәжбүр болды. Бұл тәсілді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы да ұтымды пайдаланып, қысқартуларға жол берген жоқ. Соның арқасында барлық өндірістік персонал сақталды.

Уақыт талабы карантиндік шектеулердің аясында жолаушыларға қызмет көрсету тәжірибесін қысқа мерзім ішінде жетілдіріп, сапарларды сапалы ұйымдастыруды қажет етті. Әуелі тепловизорлардың автоматты жүйесі енгізіліп, бүкіл аумақта әлеуметтік қашықтықты сақтайтын белгілер орнатылды.

«Бетперде тағу режимі, кіретін және шығатын жолаушылар топтарын бөлу, халықаралық рейстердің жолаушыларына сауалнама жүргізу, шетелден келетін меймандардан ПТР-тест талап ету шаралары күн сайын жетілдіріліп келеді. Бүгінде әуежай ғимаратына өту Ashyq қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Жолаушылар мен елорда қонақтарына ыңғайлы болу үшін GrinLab тестілеу орталығында ПТР және ИФТ әдістерімен COVID-19 инфекциясына тестілеуден өту қызметі қолжетімді», - деп жазады әуежайдың баспасөз қызметі. 

Халықаралық әуежайдың ресми деректеріне сүйенсек, жолаушылар рейстерінің қысқаруы кәсіпорынның кірісіне әсер етпеген. Былтыр әуежай шағын және орта бизнеске шамамен 1 млрд теңгенің қолдауын көрсетіп, биыл 1 қаңтардан бастап 30 маусымға дейін коммерциялық алаңарды жалға алушылардың 650 млн теңге төлемін шегерген.

Пандемия өршіп тұрған кезде шет мемлекеттерден келген қайырымдылық көмектер осы әуежай арқылы жетіп тұрды.

Айлақтың 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы бойынша мультимодальдық жүк тасымалы орталығын, e-commerce қызмет көрсету орталығын және еркін сауда аймағын құру жоспарлануда. Жолаушылар айналымы мен рейстерді ұлғайту, маршруттық желіні кеңейту, транзиттік тасымалдарды дамыту көзделіп отыр. 

Әуежай Еуропалық одақ елдерінің аумағына авиациялық жүк тасымалдарын ұйымдастыруға мүмкіндік беретін RA-3 (Regulated Agents Third country) сертификатын алған. Осының арқасында әуе компаниялары авиациялық қауіпсіздік бойынша ешбір шектеусіз Нұр-Сұлтаннан Еуроодақ елдеріне жүк тасымалдай алады.

NQZ кодымен жұмыс істеген бір жылдың ішінде әуежай 1500-ден астам транзиттік және жүк рейстеріне қызмет көрсеткен. Ең көп импортталған тауар гүл болса, ең көп экспортталған тауар ет болған. Пандемия кезіндегі шектеулерге қарамастан Рас-Эль-Хайм (Scat) және Кутаиси (Fly Arystan) бағыты бойынша жаңа рейстер ашылды. 

Бүгінде әуежай аумағында қонақүй де жұмыс істеп тұр. Сервис пен қызмет сапасын арттыру мақсатында қонақ үй аутсорсингтік қызмет көрсетуге берілді. Қонақ үйде стандарт, жартылай люкс және люкс стандартты 16 жайлы нөмір бар. 

Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әуежай жыл сайын ұшу-қону жолағына жөндеу жүргізіп келеді. Дегенмен соңғы 17 жыл ішінде бір де бір рет жолаққа күрделі жөндеу жүргізілмеген екен.

«Қазіргі уақытта ұшу-қону жолағы мен перронды қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама дайындау жоспарланып отыр», - делінген әуежайдың баспасөз қызметі таратқан ресми мәліметте.