Жер бетіндегі жұмырбасты пенденің бәрі ерте ме, кеш пе өмір жолын шиырлайтын соңғы нүктеге келеді. Жеке адамның көрер жарығы таусылғанына таңғалмаймыз ғой. Ал күллі адамзат баласының жер бетінен жойылып кету қаупіне сенесіз бе?
Осы уақытқа дейін дінде де, ғылымда да адамзат баласының ақырын сипаттайтын сценарийлердің сан алуан түрі айтылып келді. Жойқын апат алып келетін әділдік сағаты жөніндегі діни жазбалардан бөлек, «2050 жылға қарай 9 млрд болатын әлем халқы ресурстың болмауы себебінен аштыққа ұшырауы мүмкін» деген БҰҰ-ның баяндамасы бар. Олардың қатарына тұтынушылық сана билеген қоғамның ақылсыз әрекеттерінен мекендеуге жарамсыз болып қалған Жерден басқа планетаға қоныс аудару мен өзге ғаламшардан келген келімсектердің шабуылы, сырқат эпидемиясы мен мутациялық ұрпақ туралы футурологиялық болжамдарды қосыңыз. Бұл тізімде аталмаған, бірақ ғылыммен бірге жетіліп, келешек қаупіне қатысты күмән көбейген жасанды интеллект туралы ой қозғау – бүгінгі мақаланың басты мақсаты.
Жасанды интеллект – интеллектуалды компьютерлік бағдарламалар көмегімен басқарылатын, тұрмысты жеңілдетуге, оның алдындағы жедел шешімін табуды қажет ететін күрделі мәселелерді адам уақыты мен өмірін қатерге тікпей жүзеге асыруға мүмкіндік беретін роботтар.
Азаматтығы бар робот
2015 жылы Hanson Robotics компаниясы іске қосқан София есімді робот қойылған сұрақтарға еркін жауап беріп, адамның эмоцияларын қайталай алады. Әлемнің әртүрлі бөлігінде қаншама сұхбатқа қонақ болған киборг 2017 жылы Сауд Арабиясының азаматтығын алды. Бұл елде азаматтық беру процесі қатаң әрі ұзақ екенін ескерсек, адамның қолы қиындықпен жететін фундаменталды құқыққа темірден жасалған «әйел» ие болғаны жасанды интеллектің болашағы барын көрсетсе керек. Осыдан бұрын Сауд Арабиясы шөл далада NEOM деп аталатын ақылды қала салатынын мәлімдеген еді. Араб мемлекеті ханзадасының айтуынша, толықтай күн мен жел энергиясы есебінен электр қуатын өндіретін, өзін-өзі басқарушы интеллектуалды көлік жүйесі бар қалада тірі адамнан роботтың саны басым болады. Шетелдік ақпарат көздері әлі құрылысы аяқталмаған қаланы қазірдің өзінде «Роботтардың Меккесі» деп атайды.
Новосібірлік ғалымдардың көмегімен орыс тілін меңгерген Софияның қабілеті күн сайын жетілдіріліп отырады. Актриса Одри Хепберннің сыртқы сұлбасына ұқсап құрастырылған роботтың бір сұхбатында «Мен адамзат баласының көзін жойғым келеді» дегені оған ерекше танымалдылық сыйлады. Бүгінде Софияға ұқсайтын киборгтар көп. Солардың бірі – 1966 жылы Джозеф Вейценбаум жасаған Элиза есімді виртуалды дос. Ол бағдарламалау жүйесіне енгізілген сөздерді пайдаланып, алдына келген адамға сұрақтар қояды және оның әңгімесін тыңдау арқылы психотерапевт рөлін сомдайды. Қазір Элизаның әлдеқайда жетілдірілген нұсқалары бар. Жапониялық Ян-Янның сырт келбеті адамға қатты ұқсайды және ол сізді құшақтап, сезімін білдіре алады. Сингапур технологиялық университетінің жобасы саналатын Надин есімді робот жоғары оқу орны қабырғасында қызмет етеді.
Біз роботтарды алғашында, адам денсаулығына зиянды ауыр жұмыстарды атқару, ақыл-ой еңбегіне салмақ түсіретін қиын есептеулерді аз уақытта жүзеге асыру, осылай жұмыскерлер өміріне төнетін қауіпті кейін шегеріп, еңбек өнімділігін арттыру үшін құрастыра бастасақ, соңғы кездері темір интеллектуалдарға барынша адамға ғана тән қасиеттердің бәрін енгізуге күш салып жатырмыз. Жасанды интеллектті қауіп көретін ғалымдар «Роботты бәсеке жағдайында адамзат баласын да шаң қаптырып кететін қасиеттерге бейімдеу бір күні олардың адам басқаруынан шығып кетуіне әкеледі» деген жорамал айтады.
Адамнан ақылды компьютер
«Рубик кубигі» деген ойынды білмейтін адам жоқ-ау. Шаршының әр қабырғасына бірдей түске боялған төртбұрыштарды аз уақытта жинауды талап ететін ойындағы адамның рекорды 2015 жылы 4,904 секунд болған. 2016 жылдың қаңтарында Джей Флэтлэнд пен Пол Роуз рубик кубигін 1 секундта жинайтын роботты таныстырды.
IBM компаниясы 1996 жылы сол кездегі әлемнің абсалютті чемпионы Гарри Каспаров пен Deep Blue компьютерінің арасында шахмат ойынынан матч өткізді. Әлем назарын тіккен ойын Гарри Каспаровтың жеңісімен аяқталғанымен, 1997 жылы компьютер құрастырушылары жүйені жетілдіріп, қайта кездесу ұйымдастырғанда адам секундына 200 миллион позицияны қарастыра алатын ақылды технологиядан жеңіліс тапты.
Қытайдың ежелгі ойыны «Го» Google компаниясының назарын аударып, соның негізінде жасалған компьютерлік бағдарлама 2015 жылы аталған ойын бойынша Еуропаның үш дүркін чемпионы Фань Хуэйді 5:0 есебімен ойсырата жеңді. AlphaGo бағдарламасы 57 пайыз жағдайда адамның ойындағы келесі қадамы қандай боларын болжай алады.
Google компаниясының техникалық директоры, футуролог Рэй Курцвейл 2030 жылы адамның миына орналастыруға болатын наноботтар оның қабілетін теңдессіз күшке айналдыратынын жазады. Мәселен, біз барлығымыз қаншама ақпарат біліп, жаңа тілдерді үйренгіміз келеді. Ал қажетті дерек жазылған наноботтарды адамның миына орналастыру мүмкіндігі туса, онда ағылшын тілін әлі үйренбеген миллиондаған адам қызықсыз тірліктен қол үзіп, тіл үйрету курсына бармай-ақ қажетті тілде сөйлей алатын болады.
Жаппай жұмыссыздық
Жасанды интеллект тудыруы мүмкін тағы бір қауіп – жаппай жұмыссыздық. Қытайда роботтар қызметі пайдаланылған бір корпорацияда еңбек өнімділігі 250 пайызға артқанымен, 650 адам жұмыссыз қалған. Ұлыбританияда жүргізілген зерттеулер жасанды интеллекттің дамуы еңбек нарығындағы сұранысты 30 пайызға қысқартатынын көрсеткен. Шындығында, адамға қарағанда тапсырманы бірнеше жүздеген есе жылдам әрі сапалы атқаратын роботтардың тиімділігі жоғары болуы әбден мүмкін.
Автономды қарулар
Мемлекеттік мүдделерін қанағаттандыру қиын алпауыт елдердің әскери салаға бөлетін қаржысы жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе, Ресей мен Қытайды өзіне үлкен қауіп көретін АҚШ Пентагонның зертханаларында автономды қарулар мен соғыста пайдаланылатын роботтарды құрастыру ісіне ден қойғаны туралы дерек көп. Қақтығыс жағдайында, адам шығынын арқаламас үшін, соғыс алаңдарында жойғыш роботтарды пайдалану бір қарағанда тиімді жоба көрінгенімен, қарулы роботтың қарсыласқа қауіпті, бейбіт тұрғынға қауіпсіз болып, дос пен дұшпанды ажырата алатын адам сияқты түйсігінің болмауы жойқын зардаптар әкелуі де мүмкін. Ғалымдар жиі тілге тиек ететін тағы бір мәселе, қарудың ниеті бұзық тараптың қолына түсіп қалу ықтималдылығы туралы талас. Егер ақылды роботтар террористер мен өзге де адамзатқа қарсы жоспары бар адамның, мемлекеттің, ұйымның қолына түссе, бізді қорғау туралы тапсырма жүктелген темір досымыздың бағдарламасы бір сәтте өзгеріп, өзімізге қарсы шабуылға шықпасына кім кепіл?! Роботтар бізді аяп, оны қалай құрастырғанымызды еске алып, тас жүрегі езіліп тұрмайды ғой…
Сіз әлеуметтік желіде өзіңіз іздеген бір дүниенің жарнамасы мен соған ұқсас ұсыныстар легі көз алдыңыздан шыға беретінін байқаған боларсыз. Марк Цукербергтің айтуынша, адамдардың қалаулары мен қызығушылықтарын зерттейтін жасанды интеллект Facebook қызмет сапасын арттыруға үлес қосады. Британдық «Қара айна» ғылыми-фантастикалық сериалында күйеуі қайтыс болған әйел оның қазасына көндіге алмай, арнайы роботқа тапсырыс береді. Компьтерлік бағдарлама марқұм жігіттің Facebook, Twitter әлеуметтік желілеріндегі бүкіл хабарламаларын, бейнежазбалары мен фотосуреттерін зерттеп, оның іс-әрекет дағдыларын үйренеді және соны қайталауға тырысады. Лондон империялық колледжінің профессоры Мюррей Шанахан жасанды интеллектке адамдық этиканы үйретуді қолға алған. Оның пікірінше, роботтардың болашақта адамзат баласына зияны келмес үшін, оларға аяушылық, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді сіңіру керек. Зерттеуші Марк Ридл роботтарға жақсы мен жаманның аражігін айыруды үйрету үшін ертегі айту үлгісін ұсынады. Роботты әлі оңы мен солын танымайтын балаға теңейтін ол, адамдарды темір достарынан құтқарудың жалғыз жолы осы екеніне сенімді.
Динара ТІЛЕУБЕК,
"Айқын" газеті