29 қаң, 2021 сағат 10:35

Әлем мемлекеттері қандай вакцинаны таңдады?

Әлем мемлекеттері қандай вакцинаны таңдады? Бұл сұраққа вакциналауға қатысты өткен лекторийде ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің вакцинаға көнетін инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Канада, АҚШ, Жапония мен Оңтүстік Корея АҚШ-тың Moderna компаниясының вакцинасын пайдалануда. АҚШ пен Канада, одан бөлек Еуроодақ елдері, Аргентина, Мексика, Сауд Арабиясы, Бахрейн елдері BioNTech/Pfizer вакцинасын егіп бастады. Ал Ұлыбритания, Үндістан мен Аргентина Oxford Biomedica – Astrazeneca компаниясының вакцинасын таңдады. Ресейден шығатын Спутник V вакцинасын Беларусь, Боливия, Аргентина, Алжир, Сербия пайдаланып жатыр. Қазірдің өзінде ресейлік вакцина 1 миллион адамға салынып қойды», - деді Нұршай Әзімбаева Zoom арқылы ұйымдастырылған лекторийде. 

Одан бөлек, Қытай және Біріккен Араб Әмірліктері қытайлық вакцинаны ектіріп жатыр.

«20 қаңтарға дейін әлемде 46 млн 890 мың адамға коронавирусқа қарсы вакцина егілді. Атап айтқанда АҚШ-та - 15,7 млн адамға, Қытайда - 15 млн адамға, Ұлыбританияда - 5 млн адамға, Израильде - 3 млн адамға, БАӘ-де - 2,1 млн адамға салынды», - деді ол.