01 мау, 2021 сағат 03:40

Әлем бойынша соңғы он жылда жұмыс істейтін балалар саны 38% қысқарған


Әлем бойынша соңғы он жылда жұмыс істейтін балалар саны 38% қысқарған. Бұл мәліметтерді бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде (бұдан әрі – Еңбекмині) Балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында мәлім болды.

Отырысты ашқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов 2021 жыл Халықаралық балалар еңбегіне қарсы күрес жылы деп жарияланғанын атап өтті.

«Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі – ХЕҰ) деректері бойынша жұмыс істейтін балалар саны соңғы онжылдықта 38%-ға қысқарған, алайда 152 млн бала бұрынғысынша балалар еңбегіне тартылған. Балалар еңбегі баланың денсаулығына қауіп төндіретін немесе оның білім алуына кедергі келтіретін не оның денсаулығы мен физикалық, ақыл-ой, рухани, моральдық және әлеуметтік дамуына нұқсан келтіретін жұмысты білдіреді. Балалардың проблемаларын шешу ұлттық басым міндеттердің бірі болып табылатыны кездейсоқ емес», – деді вице-министр.

Оның айтуынша, Қазақстан ХЕҰ-ның «Жұмысқа қабылдаудың ең төменгі жасы туралы» және «Балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тыйым салу және оларды жою жөніндегі шұғыл шаралар туралы» негізгі конвенцияларын ратификациялады. 

Сондай-ақ, республикада балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жою жөніндегі 2020-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары және Қазақстан Республикасы Үкіметінің Адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, жолын кесу және оларға қарсы күрес жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары іске асырылуда.

Олар:

- балалар еңбегінің ең нашар түрлерімен күресуге;

- мәжбүрлі еңбекті, оның ішінде мақта алқаптарында, темекі плантацияларында, құрылыс және өзге де объектілерде балалар еңбегін пайдалануды болдырмауға, бала еңбегін пайдалануға жол бермеуге мемлекеттік бақылау жүргізуге;

- құзыретті органдар арасында адам саудасы мен балалар порнографиясына байланысты және осындай қызметтерге сұраныс тудыратын бұқаралық ақпарат құралдарындағы және Интернеттегі жарнамалық хабарландырулар мен ақпараттық материалдарға қатысты мониторинг жүргізуге және деректер алмасуға бағытталған.

Кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған бақылауды уәкілетті мемлекеттік органдар (еңбек инспекциясы, прокуратура, білім басқармасы) жүзеге асырады.

Айта кетейік, үйлестіру кеңесінің отырысына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова, Түркістан және Қарағанды облыстары әкімдерінің орынбасарлары Арман Сәбитов пен Ермек Алпысов, ҚР БҒМ Балалар құқықтарын қорғау Комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк және басқалар қатысты.