Оның бұған дейін атқарған жұмысына тәнті болуға болады. Ренжіп, сынаймын десеңіз де себеп табасыз. Әр ірі жарыстан соң оның еңбегін еш ететіндер де, өз ісінің нағыз білгірі деп танитындар қатары да арта түседі. Себебі, ол елімізде танымалдылығы бокстан кем түспейтін ауыр атлетикаға жауапты. Рио аламанында да оның қызметтен кетуін талап еткендер аз емес. Допинг дауына кінәлі деп те айыпталды. Бірақ Бразилия додасы қарсаңындағы қысым Алексей Ниді қайта жігерлендіре түскен сыңайлы. Қазақстанның мүмкіндігін, сәтін салса, Токиода көрсетпек.
– Алексей Геннадьевич, Олимпиадаға екінші құраммен барып табысты оралдыңыздар, әсіресе, сіздің «менен бір алтын мен күміс» деп, сөзіңізді орындағаныңыз таң қалдырмай қойған жоқ. Сонда Нижаттың алтын алатынын алдын ала сездіңіз бе?
– Рас, Рахимов мұндай салмақты жаттығуларда ешқашан көтерген емес. Басында бізде Рахимов алтын алады деген сенім болды. Бірақ қытайлықтар Нижатты әбден зерттеген. Яғни олар Рахимовтың серпе көтеруде мықты екенін бұған дейін біліп алған. Сондықтан мәселені жұлқа көтеруде шешіп тастауды көздеді. Негізі жоспарлары жүзеге асты да. Әлгі қытайлық 177 келіні еңсеріп, рекорд жаңартқанда, бірер сәтке енді күміске ғана таласа аламыз деген қорқыныш пайда болды. Бірақ бірден ойымды жинақтап, Нижаттың нүктені серпе көтеруде қоятынына сендім. Ол да барын салды.
Мақсатымызда бір емес, бірнеше алтын болғанын айтқанмын. Дегенмен Жазира күміспен шектелуді құп көрді. Әлем чемпионатында Жаппарқұл екі рет күміс алған. Олимпиада да күміс. Өсу жоқ деген сөз. Ол Олимпиадада медаль алған алғашқы этникалық қазақ қызы шығар, дегенмен оның өзін Риода Олимпиада ойындарында жеңімпаз атанған тұңғыш қазақ қызы ретінде танытуға әлеуеті жетіп тұрды. Тек сол мүмкіндігін пайдаланбады.
– Егер Олимпиада алдында төрт спортшымыз Риоға бару мүмкіндігінен айырылымағанда, алтын саны әлдеқайда көп болар еді. Тыйым салынған препараттар қолданды деген спортшыларды жарыстан шеттетіп, тіпті, жүлделерін тартып алды. Ал оларды кезінде тексеріп, «таза» деп тапқан зертханаларды нендей жаза күтіп тұр?
– Сұрағыңыз өте орынды. Бірақ мұнда біз жауабын таба алмайтын түйткілдер көп. Өздеріңіз білесіздер, әрбір олимпиадалық цикл алдында – Бейжің, одан кейінгі Лондон аламандарының қарсаңында спортшылар түгелдей допингтік тексерістен өтті.
Ұшақтан түскен бойда алынған, Олимпиада кезіндегі қаншама сараптамалар қорытындысы бойынша Илья Ильин мен командамыздағы ешбір зілтеміршіден тыйым салынған препараттар табылған жоқ. Бақылау деген сұмдық болды. Соған қарамастан біздің спортшылар тап-таза болған. Енді келіп арада 8 не 4 жыл өткен соң біздің команданы допинг қолданды деп айыптап отыр. Бұл препаратты қабылдау спортшы үшін өз-өзіне үкім шығару, былайша айтқанда, өз-өзіне қол жұмсаумен тең. Ол өте мықты стероид. Сонда оны осы уақытқа дейін ешкім қалай анықтай алмаған? Ендеше барлық зертханалардың жұмысын жоққа шығару қажет емес пе?! ХОК зертханасы өзге мекемелер таба алмағанды анықтап жатыр.
Біздің, Германияның Кольн қаласындағы, әлемнің өзге елдерінде зертханалар да талай рет тексерді. Азия ойындарында да әрбір басқан ізіміз назарда болды. сондықтан мұның бәрі әлгі зертханалардың заңдылығына күмән келтіреді. Менің түсінбейтінім, сөйте тұра Бүкіләлемдік антидопингтік агенттік мәліметтерін растамайтын, қате деп танитын зертханаларды қалайша аккредиттеп келген?.. Ондағылар ресми құжат беруге құқылы. Тиісінше, ешкім де ВАДА-ға қарсы шықпайды. Аталған ұйым аккредиттеген зертаханалар саны әлем бойынша 35. Лицензияны алу үшін 10 жылға жуық уақыт қажет, талаптары өте қатал. Ал қандай да бір қателлікке бой алдырса, әлгі лицензиямен қош айтыса беруге болады. Негізі солай еді. Қазір тек басшылық ауысты да, қалғаны сол күйі жұмыстарын жалғастырып жатыр. Сұрақ өте көп...
Сондықтан біздің спортшылар станозолол қолданған жоқ деп сеніммен айта аламын. Психотроптық не жігерлендіретін дәрілердің бірі десе де сенер ем. Себебі, толып жатқан БАД-тар мен жақпамайлардың құрамында ондай нәрселердің болуы әбден мүмкін. Ал станозололдың күштілігі сондай, оның «іздері» адам бойында бір жыл бойы сақталады. Ендеше Манеза, Ильин, Чиншанло, Подобедовалар осыған дейін қалайша ұсталмай жүрді?! Мұны орта белден басу деп атайды. Жолдан тайдырғысы келген екен, анаболиктер мен стероидтерді емес, басқа, адамның ақылына қонымды көрінетін препараттарды табулары керек еді.
– Сіздің көкейіңізде біраз ойдың барын түсініп тұрмыз. Ендеше бұл неге байланысты?
– Мен саясаткер емеспін, бапкермін. Біздің Лондондағы еңбегіміз барлығы үшін, әсіресе, ауыр атлетика әлемі үшін «шок» болғаны сөзсіз. Төрт алтынды ұлы дейтін болгарлардың өзі алған емес. Қытайлықтар – бес, біз төрт алтын иелендік. Шыны керек, мен сол кезде-ақ, Олимпиада аяқталатын тұста қандай да бір санкциялардың қауіп төндіретінін сезгем. «Санкция» деп жұмсартып айтып отырған түрім. Лондоннан кейін сізге сұхбат бергенде айтқаным есіңізде ме? Ильиннің жеңісінен соң кейбіреулер жаныма келіп, «сендердің бұларыңды әлем кешірмейді» деген. Олимпиадалық цикл барысында да осыны сезініп келдім. Бірақ Олимпиадаға екі ай қалғанда басталған «ашық шабуыл» адамгершілікке жатпайды. Аяқтан шалғысы келген екен, бір жыл бұрын не жыл басында неге кіріспеді?! Сонда біз құрама мүшелерін алмастырып, оларды даярлап үлгеретін едік. Екі ай бұрын «А» сынамасын алып, арада 12 күн өткенде Швейцарияда «В» сынамасы ашылды. Яғни ол елге барып мәселенің анық-қанығын білу үшін виза алуың керек, ол үдеріс біраз уақыт алады. Ал олар біздің қатысуымызсыз, бәрін өздері істеп жатыр. Неге? Бұл сұрақ та жауапсыз қалады. Сорақысы, олар «Б» сынамасын ашқан соң, үш ай бойы соңғы шешімде айтпа жүріп алды. Спортшыларды шеттетіп тастады, ал әлгі сынаманың қорытындысы бізге әлі дейін белгісіз. Логикаға сүйенсек, бұл әдейі, спортшы да, оның бапкерлері де келіп үлгермес үшін жасалып отырған әрекет екенін түсіну қиын емес. Яғни олар сынамаларды қайта тексеруді ертерек бастағанда, біз, спортшылар мен заңгерлер, жабылып жүріп өзіміздің кінәсіз екенімізді дәлелдеп үлгеретін едік. Тиісінше негізгі құрамның төрт спортшысы да Риода өнер көрсетуге мүмкіндік алатын еді...
Халықаралық федерация сынамаларды әдетте спортшының қатысуымен ашады. Себебі, «Б» сынамасы – спортшы үшін үкім. Яғни оған алдын ала ескертіліп, оның қатысуы талап етілетін. Ал бұл жерде бәрі керісінше болып тұр. Біз сотқа барған жоқпыз, бірақ үкім шығып қойған. Мұның бұрыстығын заңгерлер де растап отыр. Бірде-бір өкіліміз, адвокатымыз да қатысып үлгерген жоқ. Жүрегіңді тілімдейтін, мүлде түсініксіз әрі ауыр жайт. Қалай дегенмен бұл Олимпиада чемпиондарының тағдыры.
– Чемпиондарды дәл осылай аяқтан шалу қаншалықты жиі тараған?
– Бұл үрдіс тәжірибеге енгізілгелі қашан. Күрес не бокс секілді жекпе-жек барысында төрешілердің тікелей «атсалысуының» арқасында емес, ауыр атлетикада нәтижең қанша келі көтергенге байланысты. Яғни жарыс басталғанға дейін шешілуі тиіс. Әркім қолынан келгенін жасап бағады. Ал помостқа жету – сенің табысыңның 50 пайызы. Қалған 50 пайызына тұғырда тұрып қол жеткізесің.
– Сонда сіз мұның ар жағында жемқорлықтың жатқанын меңзеп тұрсыз ғой...
– Мен мұны дауыстап айта алмаймын...
– Осы күнге дейін қанша спортшы допинг дауына байланысты жарыстан шеттетілді. Біз мына жақта қызыл кеңірдек болып оларды жақтап-ақтап жатамыз. Ал ресми, жауапты органдардан қорғайтын біреу бар ма өзі?
– Федерация қазір шетелдік тәжірибелі заңгерлердің көмегіне жүгінуде. Федерациядағылар қолдарынан келгеннің бәрін жасайды деп үміттенемін... Олимпиада біткенімен, нағыз шайқас енді басталады.
Білуімше, қыркүйектегі ХОК-тің тәртіптік комитетінде наградалар бойынша шешім қабылданады, осыдан соң соңғы үкім шығарылады.
– Болып жатқан келеңсіздіктерде сіздің кінәңіз бар деп ойлайсыз ба? Қазір ғаламторда сіздің тарапыңызға айтып жатқан сындар аз емес...
– Егер өзімді кінәлі сезінсем, арызымды жазып жұмыстан шығып кетер ем. Олардың барлық бақылаудан өткендігін білгендіктен де өзімді кінәлі сезінбеймін. Ильин 12 жасынан бастап зілтемірді басынан асырып келеді. Ол мүмкін болған жүлденің бәрін иеленді. Ешқашан допинг дауына іліккен емес. Енді келіп оның қан құрамынан станозолол тауып отыр. Бұл препаратты біздің спортшылардан ешкім қолданған жоқ. Сондықтан балалардың да, менің де кәнім жоқ деп сеніммен айта аламын.
– Бір сұхбатыңызда Токиоға Лондонда жоққа шығарылған, Риода тартып алуға тырысқан атақты қайтару үшін барғыңыз келетінін айтыпсыз.
– Солай айтқаным рас. Бірақ ол орындала ма, уақыт көрсетеді. Токиоға барғым келгені – халықаралық ұйымдардың әрі қарайғы әрекетін көру. Бейжіңді, міне, енді Лондондағы жүлделерді тартып алмақшы. Сәті түссе, осылардың бәрін Токиода қайтарсам деген мақсатым бар. Қазір біз үшін маңыздысы, төрт зілтеміршімізді қанша мерзімге спорттан шеттеткені. Егер төрт жыл десе, олардың ешқайсысы лицензиялық турнирлерге қатыса алмайды. Сондықтан шеттетілу мерзімі аз болады деп үміттенеміз.
– Мұндай әрекеттерден соң жастар өздері емес, олар үшін шешетінін көрген жастарға спортты тастап кетпес үшін не айтар едіңіз?
– Ильин – көпшілік үшін әлі күнге дейін пір. Солай болып қалғанын қалар едім. Өмірде түрлі жайттар болып жатады. Сынайды, біреулер сені жек көреді, жолыңды кескісі келеді. Бірақ мықтының аты қашан да мықты. Айталық, Майкл Джексон көзі тірісінде талай сынға ұшырады, күйе де аз жағылған жоқ. Бірақ оның жанкүйлері, тыңдармандары сол кезде де болған, әлі де бар.
Ильин жеңімпаз атанғанда елімізде ауыр атлетикаға баратындардың қатар күрт өсті. Оның мүмкіндіктеріне әлем таңғалды. Қазірдің өзінде шетелде Ильяның жақтаушылары аз емес. Риода қаншама сарапшылардан «Ильинсіз ауыр атлетикадан әдемілік кетті. Оның Нуруддиновпен тартысын бәріміз күттік. Ал ВАДА Ильяны жарыстан шеттетіп тастады» деген пікірді сан рет естідім.
– Нижаттың алтыны қоржынымызға түскен алғашқы жоғары дәрежедегі жүлде болғанымен, қазақстандықтар оған соншалықты қуана қоймаған секілді. Өзіміздің спортшыларымыздың арасынан легионерлердің орнын басатын спортшылар бар ма?
– Риоға бар резервтің ішіндегі ең үздіктері барды. Егер Рахимов болмаған күйдің өзінде иелігімізде бір күміс пен үш қола медаль болатын. Тиісінше Қазақстан жалпымедальдық есепте отыздыққа да енбес еді. Сондықтан Нижаттың алтыны да өте маңызды.
– Сонда сіз легионерлер тартуға әлі де қарсы емессіз ғой?
– Мәселе спортшының қай деңгейде екендігі. Егер әу баста оның әлеуеті жеңімпаз атануға жететініне көз жеткізсек, онда легионерлерді шақыруға болады. Ал тек жүлдеден дәмелі болса, үздік үштікке енетін спортшыларымыз өзімізде де бар. Чиншанло, Манеза, Подобедовалар да сондай мақсатта алынған. Олар алтын жүлде әкеліп қана қоймай, «асханамызда» бәсекелестік тудырады.
Ильин туралы әңгіме бөлек, ол – тума талант. Мұндай спортшылар ғасырда бір дүниеге келетін шығар. Мысалы, біз олимпиадалық циклде әр салмақта 50 шақты зілтемірші іріктейміз. Уақыт өткен сайын олардың қатары азайып, арасынан саусақпен санарлығы, нағыз тартысқа дайындары ғана қалады. Ал легионер өзге елге кету шешімін таңдау арқылы үлкен тәуекелге барады. Азаматтығын ауыстырып, туған елінен, туыстарынан жырақ кету, бапкерлерінен, федерациясымен байланысын біржола үзу арқылы оның өзге елде жеңіске деген ұмтылысы сұмдық болады. Себебі, оның қателесуге хақы жоқ.
Жазира Жаппарқұлға қытайлықты жеңетінін құлағына әбден құйдым. Хьюстонда да солай айтқанмын. Нәтижесінде жаттығулардағы көрсеткішінен 10 келіге аз көтерді. Өйткені оның бойында сенім болған жоқ. Ол іштей күмісті қанағат тұтты. Енді тұғырға шығып көріп, жеңістің дәмі өзгеше болатынын сезгеннен кейін ғана «Токиода жеңіске жетемін» деп отыр. Лайым солай болсын. Мен де Жазираның өз мүмкіндігін шынымен түсінді деп үміттенемін. Бірақ уақыт деген зулай береді. Адамның жоспары өзгереді, қарсыластар та қарап жатпайды. Сондықтан берілген мүмкіндікті уақтылы пайдаланып үйрену қажет. Біздікілердің қолынан да алтын алу келе ме деп сұрайсыздар. Келеді. Тек біздің балаларға сондай мақсат керек.
– Ал жүлдесіз қайтқан Арли Чонтейдің алдына қандай міндет жүктеліп еді?
– Біз одан жеңіс не жүлде күттік деп айта алмаймын. Ол үшін Арли құрлықтық не әлем біріншіліктерінде көзге түсуі керек еді. Чонтей әлем чемпионатында алтыншы орыннан көрінген. Сондықтан оның Олимпиада ойындарында жұлдызы жанып кетеді деу артық. Біз бапкер ретінде шәкірттеріміздің мүмкіндіктерін білеміз. Бәлкім, жанкүйерлер жүлде күткен шығар. Легионер болған соң оның жүлдегер атануы міндетті деп те ойлаған болуы мүмкін.
Харки мен Горичева бұған дейінгі жарыстарда, дайындықтарда жүлденің маңайында жүрген. Ал Чонтей мен Харкиді елімізде 56 және 62 келі салмақ дәрежелерінде спортшы болмаған соң шақырттық. Бәсеке 69 келіден басталады. Сондықтан бұған дейінгі Олимпиадалардың бірде-біріне толық құраммен барған емеспіз. Қаншама балаларды тарттық, бірақ нәтиже көрінбеді. Сараптай келе осы олқылықтың орнын легионерлер арқылы толтыруға бел будық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен – Мәдина АСЫЛБЕК,
«Sport» газеті