Қазақстанның Египеттегі елшісі Қайрат Лама Шариф Александрия кітапханасының қолжазбаларды қалпына келтіру мамандарына Қазақстандағы өте құнды сирек кітаптар мен қолжазбаларды қазақ ғалымдарымен бірлесіп зерттеуге шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Лама Шариф Александрия кітапханасына барды.
«Кітапхана директоры доктор Мұстафа әл-Фиқхи өзі басқарып отырған заманауи үлгіде жабдықталған рухани қазына ордасының жетістіктерімен таныстырды. Өз кезегімде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мәдени-танымдық шараларды әлемге әйгілі Александрия кітапханасында бірігіп өткізуді ұсындым. Мысыр тарапы ұсыныс-пікірлеріме қолдау білдірді», деп жазды елші Facebook -тегі парақшасында.
Ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы туралы әңгімелеп берген.
Сондай-ақ, Қайрат Лама Шариф Александрия кітапханасы туралы бірқатар мәліметті жариялады.
«Баршамызға мәлім, Александрия қаласының атауы Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) есімімен байланысты. Антика дәуірінде Жерорта теңізі жағалауында орналасқан осы көне шаһарда сол заманғы жүз мыңдаған қолжазбаларды қамтыған Александрия кітапханасы дүниежүзіне мәшһүр болған. Өкінішке орай, біздің эрамызға дейінгі Юлий Цезарь заманында Александрия кітапханасы өртеніп кетеді.
1974 жылы Александрия университетінің бір топ ғалымдары Александрия кітапханасын заманауи үлгімен қайтадан салу туралы бастама көтереді. Египеттің бұрынғы Президенті Хұсни Мүбарак бұл ұсыныстарды қолдайды», - деп жазды елші.
ЮНЕСКО өз кезегінде Александрия кітапханасының жобасы туралы 18 елдің білікті мамандарынан құралған халықаралық комиссияны жасақтайды.
Асуанда өткен халықаралық конференцияда Египет (120 млн), Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Ирак (65 млн), 26 шет елдер (27 млн АҚШ доллары) көлемінде қаржылық көмек көрсетеді.
1992-2001 жылдары Александрия кітапханасының құрылысы жүргізіліп, 2002 жылдың 16 қазанында салтанатты түрде ашылады.
Қазір кітапхананың қорында 8 миллионға кітап бар. 2010 жылы Францияның ұлттық кітапханасы 500 мыңға жуық кітапты сыйға тартты.
Кітапхананың 11 деңгейден тұратын басты оқу залы 70 мың шаршы метр. Ғимараттың ішінде конференц орталық, танымал жазушы Таха Хусейн атындағы зағип және көру қабілеті төмен азаматтар үшін арнайы кітапхана, балалар кітапханасы, үш музей, төрт көрме залдары, қолжазбаларды қалпына келтіру зертханасы жұмыс істейді.
«Александрия кітапханасының қолжазбаларды қалпына келтіру зертханасымамандарының назарларын Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында өте құнды сирек кітаптар мен қолжазбалар бар екеніне аудардым. Қазақстанның орта ғасырдағы тарихы туралы сыр шертетін Сирек кітаптар қорындағы 91 мың дана, қолжазбалар қорындағы 22 мың дана, шығыс әдебиеттері қорындағы 9,9 мың дананы қазақ ғалымдарымен бірлесіп зерттеуге шақырдым.
Сонымен қатар бұл бірлескен қазақ-мысыр жобасы Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының кітап қорында 30 мыңға жуық сирек кітаптар мен қолжазбалар Мәңгілік Ұлы дала Еліміз тарихының кейбір беймәлім беттерін толтыруға септігін тигізетіне мән бердім. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атты мақаласында және Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осы тарихи мәселелерге ерекше тоқталғанын атап өттім», - деді Қайрат Лама Шариф.
Оның айтуынша, Александрия кітапханасының мамандары бұл ұсыныстарды қолдап, бірігіп атсалысуға дайындықтарын білдірді.