Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Бублик Мадрид мастерс турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 14-інші, осы жарыстың 11-ракеткасы, канадалық Денис Шаповаловпен шеберлік байқасты.
Бұған дейін қарсыластар өзара бір рет кездесіп, онда А.Бублик жеңіске жеткен екен.
Бірінші партияда А.Бублик басымдылық танытты – 6:4.
Екінші сетте канадалық спортшы есе қайырды – 7:5.
Үшінші, шешуші сетте есеп 3:3 болған мезетте Бублик брейк жасай алды. Матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
Тартысты бәсеке 2 сағат 20 минутқа созылды.
Бублик жүлде қоры 2,6 млн еуродан асатын доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, аргентиналық Диего Шварцман немесе рейтингте 27-сатыда тұрған ресейлік Аслан Карацевтің біреуімен таласады.