Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесіндегі өзгерістер туралы мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, ҚР аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2020 жылғы 24 желтоқсандағы шешіміне сәйкес 30 желтоқсан сағат 00:00-ден бастап Ақмола облысының аумағында орналасқан барлық стансалар бойынша теміржол билеттерін сатуға және жолаушыларды отырғызуға/түсіруге рұқсат етілді.
Сондай-ақ, ұлттық тасымалдаушы 2021 жылдың 3 қаңтарынан бастап «Алматы-2 – Петропавл» қатынасындағы №105/106 жүрдек пойызының күн сайын жүретіні туралы хабарлайды (бұрынғы нөмірі №705/706).
«Жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесі бойынша өзекті ақпараттарды алу үшін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ әлеуметтік желілердегі парақшалары мен Bilet.railways.kz сайтына тіркелулеріңізді сұраймыз. Сондай-ақ, жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесі бойынша барлық анықтамалық ақпаратты «105» нөмірі арқылы алуға болады. Коронавирус инфекциясының таралуы кезеңінде жолаушыларға теміржол билеттерін онлайн рәсімдеуді, карантин талаптарын, әлеуметтік қашықтықты және вокзал аумағы мен пойыз ішінде бетперде режимін қатаң сақтап жүрулеріңізді сұраймыз»,-делінген хабарламада.