Фото: redpost.com.ua
Міне, жаз мезгілі де басталды. Мектеп оқушылары демалысқа шығып, үш ай бойы демалып, сауықтындыру орталықтарына, ауылға барып, үйірмелер мен спортқа қатысып, кітап оқып, уақытын өз қалауынша жоспарлайтын уақыт келді. Осы орайда Ult.kz тілшісі еліміздегі жазғы лагерьлер туралы анықтап көрді.
Бағыт – балаларды дамыту
Қазақстанда 2025 жылы жазғы демалыс кезеңі басталып, балалар мен жасөспірімдер үшін түрлі лагерьлер мен бағдарламалар ұйымдастырылып жатыр. Бұл шаралар балалардың шығармашылық, зияткерлік, еңбек және әлеуметтік дамуын қолдауға бағытталған.
Биыл 1 миллионнан астам бала сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамту бағдарламаларымен қамтылады. Оның ішінде 500 мыңнан астамы әлеуметтік осал санаттағы балалар. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 10 мың бала тегін демалу мүмкіндігіне ие болады.
Маусым айынан бастап 10 000-нан астам мектеп жанындағы лагерьлер ашылады. Бұл лагерьлерде балалар күндізгі уақытта демалып, түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысады.
Шатырлы және киіз үй лагерьлері
Фото: baq.kz
Биыл 512 шатырлы және киіз үй лагерьлері кезең-кезеңімен ашылады. Бұл лагерьлерде балалар табиғат аясында уақыт өткізіп, түрлі белсенділікпен айналысады.
Бұл лагерьлер – тек тынығу орны ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды сіңіріп, экологиялық сана қалыптастыратын тәрбие алаңы.
Лагерьдің ерекшелігі – табиғатпен үндестік. Лагерьлердің көбі табиғат аясында – таулардың етегінде, орман-тоғайда, өзен-көл маңында орналасқан. Мұндай орта балалардың рухани және физикалық дамуына зор әсер етеді. Бұл лагерьлерде киіз үй бар, ол – мәдени мұраны тану мүмкіндігі туады. Түстіндіре айтсақ, бұл лагерьлерде балалар өз қолдарымен киіз үй тігіп үйреніп, оның құрылымын, сәндік элементтерін, мағынасын зерделейді.
Сонымен қатар ұлттық ойындар, қазақша асық ойнау, қамшы өріп көру, қолөнермен айналысу секілді танымдық іс-шаралар арқылы балалар өз тамырымен қайта қауышады.
Лагерьлердің тағы бір басты миссиясы – экологиялық сауаттылықты арттыру. Балаларға табиғатты аялау, қоқыс сұрыптау, орманды қорғау, жануарлар дүниесімен танысу сынды маңызды тақырыптарда экотренингтер мен мастер-класстар өткізіледі.
Шатырлы лагерьлер далалық жағдайда өтетіндіктен, қауіпсіздікке ерекше мән беріледі. Балалармен нұсқаушылар, педагогтар, дәрігерлер және құтқарушылар үздіксіз жұмыс істейді. Қауіп-қатердің алдын алу үшін арнайы дайындықтар мен тренингтер өткізіледі.
Шатырлы лагерьлердің бағасы
«Шағала» балалар лагері (Көкшетау облысы, Шалқар көлі): 9 күнге 90 000 теңге.
«Дарын» лагері (Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен): 10 күнге 120 000 теңге.
«Campit» лагері (Ақтөбе облысы, Қарғала өзені): 10 күнге 89 800 теңге.
«Dream Camp» лагері (Шымкент қаласы, Біркөлік шатқалы): 10 күнге 140 000 теңгеден басталады.
«Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы (Бурабай): 2 аптаға 150 000 теңге.
«Балақай» лагері (Өскемен қаласы, Бұқтырма су қоймасы): 2 аптаға 150 000 теңге.
«Тау-Тұран» білім беру-сауықтыру кешені (Іле Алатауы): 9 күнге 150 000–160 000 теңге.
«RAINBOW CAMP» ағылшынша лагері (Алматы облысы): 2 аптаға 350 000 теңге.
«Balaland» лагері (Алматы облысы, Талғар ауданы): 1 күнге 50 000 теңге.
Бағдарламалар мен жобалар
Фото: Gov.kz
Елімізде «Киелі шығыс», «Ұлы Дала кереметі», «Jas galym», «Гастро туризм», «Қонақжай отбасы» сияқты бірегей жобалар іске асырылады. Бағдарламалар еңбек және шығармашылық белсенділік, туристік және танымдық маршруттар, зияткерлік әрі білім беру іс-шараларын қамтиды. Санитарлық нормалардың сақталуы, азық-түлік қауіпсіздігі, су айдындарында, ормандар мен спорт нысандарында сақтық шаралары қатаң бақылауда болады. Бұл жобалардың әрқайсысы өз ерекшеліктеріне ие. Бұл жобаларға қатысу бағасы мен шарттары туралы нақты ақпарат алу үшін әр жобаның ресми өкілдеріне немесе ұйымдастырушыларына тікелей хабарласу ұсынылады.
Жалпы алғанда, балаларға арналған жазғы лагерьлердің бағасы ауысымның ұзақтығына, орналасқан жеріне және ұсынылатын қызметтерге байланысты өзгереді. Мысалы:
DELVE CAMP лагерінде 7 күндік жолдама құны 139 000 теңге, 10 күндік жолдама 189 000 теңге тұрады. Егер екі немесе одан көп жолдама сатып алсаңыз, әр жолдамаға 5 000 теңге жеңілдік беріледі.
«Тау-Жанашар» лагерінің бағасы ауысымға байланысты 55 000–75 000 теңге аралығында.
«Маралсай» лагерінің бағасы ауысымға байланысты 85 000–102 000 теңге аралығында.
Бұл бағалар лагерьдің орналасқан жері, ұсынылатын қызметтер және басқа да факторларға байланысты өзгеруі мүмкін. Ал әлеуметтік осал топтардан шыққан балалар үшін жазғы лагерьлерге тегін қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Мысалы, «QH Жаздық жолдама» жобасы аясында су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің оқушыларына, халықтың әлеуметтік осал топтарынан және көп балалы отбасыдан шыққан ауыл балаларына басымдық беріледі.
Әр жобаның өз ерекшеліктері мен шарттары бар. Қатысу бағасы лагерьдің орналасқан жеріне, ұсынылатын қызметтерге және басқа да факторларға байланысты өзгереді. Тегін қатысу мүмкіндігі әлеуметтік осал топтардан шыққан балалар үшін қарастырылған.
Алматы қаласындағы жазғы лагерьлер
Алматы қаласында да балалар үшін түрлі лагерьлер ұйымдастырылуда. Мысалы:
«Күншуақ» бастауыш сыныптардың жазғы сауықтыру лагері: 2 маусым мен 27 маусым аралығында өтеді. Лагерьде балалар қазақ халқының салт-дәстүрлері, ұлттық ойындары, қолөнері, ұлттық тағамдар, музыкалық мұралары, жасанды интеллект құралдары мен қызықты кітаптар хикаясымен танысады.
«Күншуақ» лагері – мектеп жанындағы жазғы сауықтыру алаңы болғандықтан, оның қызметі көбінесе мектеп бюджеті есебінен қаржыландырылады. Бұл дегеніміз, лагерьге қатысу тегін немесе жартылай ақылы болуы мүмкін. Дегенмен, нақты бағалар мен төлем шарттары әр мектептің ішкі саясатына байланысты өзгеріп отырады.
«Сарыжайлау» этно-лагерінде балалар ұлттық құндылықтар арқылы өз мәдениетін тануға, құрметтеуге және достық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік алады. Ал «KітапLike» лагерінде балалар кітап оқуды қызықты әрі пайдалы түрде үйренеді.
Көпшіліктің сұранысына ие «Тау-Самал» балалар лагері: Алматы маңында, Іле Алатауында орналасқан. Бағасы күніне 7 500 теңгеден басталса, Алматы қаласында орналасқан «Өрнек» мемлекеттік лагерінің орташа құны 100 000–140 000 теңге аралығында.
Ақбота Мұсабекқызы