04 мау, 2020 сағат 12:42

Ақтөбенің бір ауданы карантинге жабылуы мүмкін

Ақтөбе облысының Шалқар қаласы карантинге жабылуы мүмкін. Мұнда бір аптада 19 адам вирус жұқтырған, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Соңғы тәулікте Ақтөбеде 4 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Олардың үшеуі Ақтөбе қаласы болса, біреуі Шалқар ауданының орталығынан тіркелді.

«Барлығы 367 науқас коронавирус инфекциясын жұқтырса, 281-іүйлеріне шығарылды. Ем қабылдап жатқан 7 адам жансақтау бөлімінде болса, екеуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Ауру тек облыс орталығында емес, аудан орталықтарында да тіркелді. Шалқар ауданында 19 адам індет жұқтырған. Оның 8-і бала. Бұл аудандағы науқастардың көбі облыс орталығына жеткізілді. Біреуі санавиациямен тасымалданды. Дертке шалдыққан тек 6 адам сол Шалқар қаласында қалды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Айта кетейік, арнайы штаб аудандардағы жағдайды бақылап отыр. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің мамандарынан құрылған топ науқастарды емдеу, тасымалдау туралы шешім қабылдайды. Телемедицина байланысы орнаған. Облыс орталығындағы дәрігерлер барып, кеңес берді.

«Ақтөбе қаласында карантин алынды, бірақ шектеу қалды. Бізді Шалқар қаласы алаңдатып отыр. 27 мамырдан бастап мұнда 19 жайғай тіркелді. Бірінші жағдайда Ақтөбе қаласының тұрғыны ауылға демалысқа барып, індет таратқан. Сол үйдің адамдары коронавирус жұқтырды. Бір отбасынан 6 адам ауруханаға түсті. Мұнда 18 пайыз көрсетіп тұр. Мониторинг жасап, карантинге жабу туралы қаулыны бүгін шығаруымыз мүмкін», - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.