Ақтөбе облысының әкімдігі жанындағы жедел штабтың мәліметінше, тұрғындар үш күнде бір рет азық-түлік дүкеніне бара алады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Соңғы мәліметке сүйенсек, Ақтөбеде вирус жұқтырғандар саны 27-ге жетті. Коронавирус инфекциясының одан әрі өршуіне жол бермеу үшін карантин режимі күшейтіліп, қатаң шектеу шаралары қолданылады.
«Отбасында бір адам үш күнде бір рет жақын маңдағы дүкенге немесе супермаркетке, дәріханаға баруы керек. Қала ішінде жұмыс кестесі мен қызмет орны көрсетілген анықтамасы бар жұмыс істейтін адамдарды қоспағанда, тұрғындардың жеке көлігімен жүруіне тыйым салынады. Жұмыс берушілер өз қызметкерлерін жұмыс орнына жеткізу, үйіне тасымалдауды ұйымдастыруы қажет. Егер дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақтың ауыруы сияқты тұмау мен суық тиюдің белгілері анықталған жағдайда, үйден өз бетінше ем қабылдамай, тез арада жедел жәрдем қызметін шақырыңыз», - деп хабарлады облыстық Жедел штаб.