Ақтөбелік өнерпаздар өз жеріне «Ninety One» тобы аяғының тигеніне қарсы. Олар сырға тағып, боянған жігіттерден жиреніп, біздің жерді былғамасын деп отыр. Бұл туралы КТК телеарнасында айтылды.
Дастан Сүлейменов, ақын:
— Біздің қарсы болып тұрған себебіміз: шашын бояп, құлағына сырға таққаны. Ақтөбе облысының барлық өнер адамдары атынан біз өзіміз қарсы шығып тұрмыз.
«Ninety One» тобының стадионда өтетін концертін болдырмау туралы жергілікті билікке арыз да түсіп қойыпты. Қол қойғандардың көбі — той-бизнестің көркін қыздырып жүрген әнші-асабалар.
Ал оған жауап беруі тиіс мәдениет басқармасының басшысы Қанат Айтбаев Астанада жүр екен. Ол оралғанша 91 тобының концерті тарқап кететін сыңайлы. Бұған дейін осы топқа қатысты Шымкент пен Қызылорда жастары қарсы шығып, аймақтарына жолатпай қойған.
Әйтсе де топ продюсері Ербол Беделхан „алған бетімнен қайтпаймын, жігіттерімді Қазақстанның барлық өңірін шарлатып шығамын„ деп отыр.